
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, аумақтық мәселені қоса алғанда, ең күрделі тақырыптарды талқылауға дайын. Бұл туралы Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига Финляндияның Helsingin Sanomat басылымына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды DW.
Украина СІМ басшысының айтуынша, Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёре мен Финляндия президенті Александр Стуббтың Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесуі Киевпен келісілген және бейбітшілік орнату жолындағы күш-жігердің алға басқанын білдіреді.
«Біз бұл соғысты тоқтатқымыз келеді. Бейбітшілік үдерісін жеделдету үшін барлық байланыс арналарын пайдалануымыз керек. Бұл қоңырауды дәл осы тұрғыдан түсіну қажет», — деді Андрей Сибига.
Киевтің жолдауы және кездесу шарттары
Украина Сыртқы істер министрлігінде түсіндіргендей, Еуропа көшбасшылары Кремльге екі негізгі тармақтан тұратын тікелей жолдау жеткізген:
Оқ атуды тоқтату туралы талап;
Зеленский мен Путиннің тікелей кездесуін ұйымдастыру туралы ұсыныс.
Сибига Украина тарапы мұндай кездесуге дайын екенін атап өтті. Оның пікірінше, келіссөздерге жаңа серпін бере алатын жалғыз жол — жоғары деңгейдегі диалог. Кездесу барысында Зеленский аумақтардың мәртебесін қоса алғанда, сезімтал әрі күрделі мәселелерді талқылауға дайын.
Сонымен қатар Киевте көшбасшылардың жеке кездесуі Мәскеуден, Беларусь пен Солтүстік Корея аумағынан басқа кез келген жерде өтуі мүмкін екенін атап өтті.
Әңгіме мазмұнына қатысты БАҚ арасындағы келіспеушілік
Сонымен қатар Еуропа баспасөзінде Путиннің Финляндия және Норвегия көшбасшыларымен телефон арқылы сөйлесуінің мазмұнына қатысты дау туындады.
Британдық Financial Times басылымының мәліметінше, әңгіме бастапқыда 30 минутқа жоспарланғанымен, Ресей басшысы «славян тарихы» туралы дәріс оқығандықтан, ол бір жарым сағатқа созылған.
Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёре бұл ақпаратты жоққа шығарып, FT басылымынан теріске шығару жариялауды талап етті. Оның айтуынша, әңгіме барысында 2014 жылдан бергі Еуропадағы оқиғалар талқыланған.
Алайда Financial Times редакциясы өз дереккөздері мен журналистика стандарттарына адал екенін мәлімдеп, бұл талапты орындаудан бас тартты.
В Атырау +17.8