
Оралда «Батыс су арнасы» ЖШС бас директоры Ануар Аркеновтің қызметтік көлігін қасақана өртеу фактісі бойынша полиция бір жылға жуық уақыттан бері тергеу жүргізіп жатыр. Күдікті ұсталғанына қарамастан, тергеу жұмыстары 11 айдан бері жалғасуда, деп хабарлайды«Уральская неделя».
Оқиға коммуналдық кәсіпорын басшысы көлігін жөндеуге қалдырған автосервис аумағында түнде болған. Таңғы сағат төрттер шамасында оған полиция қызметкерлері телефон соғып, төтенше жағдай туралы хабарлаған.
«Оқиға орнына келсем, көлік түгелдей жанып кеткен», — деп еске алады Ануар Аркенов.
Оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Жазбалардан белгісіз адамның көлікке сұйықтық құйып, оны өртегенін көруге болады. Құқық қорғау органдары өрт қойды деген күдіктіні ізін суытпай, бір тәулік ішінде ұстаған. Алайда бірнеше күннен кейін ол 5 миллион теңге кепіл төлеп, босап шыққан.
Жәбірленушінің айтуынша, бастапқыда тергеушінің қателігі салдарынан келтірілген шығын небәрі 70 мың теңгеге бағаланған. Осыған байланысты күдіктіні елден шықпау туралы қолхатпен босату көзделген. Алайда адвокаттың араласуынан кейін залал сомасын түзетуге мүмкіндік туған.
Көліктің өзі несиеге 25 миллион теңгеге сатып алынған. Оның төлемі әлі күнге дейін жалғасып жатыр.
Аркеновтің айтуынша, іс материалдарымен танысу барысында күдіктінің телефон арқылы сөйлесулеріне жүргізілген лингвистикалық сараптама қорытындылары оның күдігін тудырған. Әңгімелердің мәтіндік нұсқаларынан күдіктінің қолында кесілген ұңғылы мылтық болуы мүмкін екені, оны ұсталғаннан кейін сыбайластары басқа жерге жасырып үлгеруі ықтимал екені байқалады. Сондай-ақ киім мен велосипед сияқты айғақтарды жасыру мәселесі талқыланған.
«Мен полиция қызметкерлеріне: бір күні біреу келіп, маған немесе туыстарыма, жақындарыма оқ атпайтынына кім кепілдік береді?» — деп алаңдаушылығын білдірді кәсіпорын басшысы.
Ануар Аркенов болған оқиғаны өзінің кәсіби қызметімен байланыстырады. Атап айтқанда, ол су арнасы кәсіпорны мен құрылыс салушы Нұржан Боранқұлов арасында жанжал болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бұған кәсіпорынның көпқабатты тұрғын үйді коммуналдық желілерге заңсыз қосу фактісін сот арқылы анықтап, оны бөлшектеуге қол жеткізуі себеп болуы мүмкін.
Сонымен қатар кәсіпорын басшысы қаладағы су арнасын жаңғыртуға бағытталған қомақты қаржыға байланысты өзіне қысым көрсетілуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Прокуратура мүлікті қасақана жою фактісі бойынша (ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабының 3-бөлігі) тергеу 2025 жылғы 9 желтоқсанда басталғанын растады. Алайда күдікті анықталғанына қарамастан, тергеудің не себепті ұзаққа созылғаны туралы қадағалау органында түсініктеме берілмеді.
В Атырау +17.8