Өңір басшылығына үміттенуден шаршаған тұрғындар Ерік Мостовой каналының проблемасын шешуді талап еткен петицияға 7 мыңнан астам қол жинады. 24 наурызда бастамашыл топ петицияны Президент әкімшілігі мен үкіметке, сондай-ақ экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жолдады.
Ұзындығы 15 шақырымды құрайтын канал Атырау ықшамауданынан басталып, қала іргесіндегі Еркінқала ауылына келіп тіреледі. «АЖ» Ерік Мостовой каналының тағдыры туралы әлденеше рет жазды. 2001-2002 жылдары Атырау қаласының оң жағалау бөлігін абаттандыру үшін Мостовой каналын қалпына келтірудің ауқымды жобасын «ПИИ Атырауводпроект» ЖШС жобалау институты әзірледі. Оған үлкен үміт артылды. Каналдың негізгі қызметі жер асты суларын дренаждау болуы керек еді. Бұл жер асты суларының деңгейін төмендетіп, жауын-шашын кезінде қаланың көп бөлігін су басуының алдын алар еді. Жер асты сулары деңгейінің төмендеуі жолдар, инженерлік желі, ғимараттардың қызмет ету мерзімін ұзартып, жасыл желектің өсуіне жақсы әсер етеді деп күтілді.
«ДРЕНАЖ» ҰЗАҚҚА БАРМАДЫ
Еске салсақ, Атырауда дренаж жүйесін салу идеясы облыстың бұрынғы әкімдерінің бірі Серікбек ДӘУКЕЕВКЕ тиесілі (Ол 2001-2002 жылдары облысты басқарды - А.С. ескертпесі). Ол Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВТЕН кейін әкім болып келді.
Канал құрылысына бюджеттен 1,5 млрд теңге және кейіннен қайта жаңғыртуға (қалқымалы сорғы станциясын салуға және шлюздерді орнатуға) 170 млн теңге бөлінді. Канал Атырау ықшамауданынан бастау алады және бастапқыда теңізге дейін – өзінің табиғи тарихи арнасының бойымен созылуы керек еді.
Қаланың және Ерік Мостовой каналының дренаж жүйесін жобалау, салу және пайдалану үшін 2001 жылы «Дренаж» КМК құрылып, 2006 жылға дейін жұмыс істеді.
2009 жылы облыстық құрылыс басқармасы директорының орынбасары, кезінде «Дренаж» КМК-ны басқарған Ибрагим ӘМІРОВ «АЖ»-ға қала ішінде каналдың түбін плиталармен төсеу жоспарланғанын, ал әрбір 18 метр сайын жер асты және еріген суларды ағызу үшін арнайы сүзгілер орнатылу керек болғанын айтты.
– Тайманов көшесімен қиылыстағы көпірге дейін плиталар мен сүзгілерді төсеп үлгердік. Одан кейін өздеріңіз білесіздер, жоба өзгерді, каналды Еркінқала ауылына қарай бұрды. Сол жерде ол өзенге құю керек еді. Содан кейін қаржыландыру мүлдем тоқтатылды, - деді сол кезде Әміров.
Осылайша, Ерік Мостовой каналы шыбын-шіркей мен басқа да зиянды жәндіктердің ұясына, қоқыс жиналатын орынға айналды. Жақын маңдағы ықшамаудандардың тұрғындары әсіресе жазда шығатын жағымсыз иіске жиі шағымданады.
КАНАЛДАН СУ АЙДАУ КӨМЕКТЕСПЕДІ
Аяқталмаған жобаға 20 жыл толды, әкімдер ауысып жатыр, ал бұл мәселе әлі шешімін таппай келеді. Мәселен, 2018 жылы облыс әкімдігінде сол кездегі облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ Атырауда дренаж жүйесін салу жөнінде кеңес өткізген болатын. Ол геология-минералогия ғылымдарының докторы, қазір «Қазгеология» АҚ директоры Дәукеевтің өзін шақырды. Сол кезде ол 2018 жылдың мамыр айына дейін барлау ұңғымаларын бұрғылап, болашақ дренаж жүйесінің математикалық үлгісін жасауды ұсынды.
– Бүкіл жаңбыр суын жинап, кәріз жүйесіне жіберу керек. Кәріз жүйесін дамытып, тұрғындар септиктерді пайдаланбас үшін оған жеке үйлерді қосу қажет. Ерік Мостовойды барынша тиімді пайдаланып, көркейтіп, каналға айналдырып, жағалауда қала тұрғындары серуендейтіндей демалыс аймағын жасау керек, – деді С.Дәукеев.
Осы жиыннан кейін Ноғаев бұл мәселені зерделеу жөніндегі комиссияның төрағасы етіп өзінің бірінші орынбасары Сағындық ЛҰҚПАНОВТЫ тағайындады. Дегенмен, мәселе әлі де ашық күйде тұр.
Өткен жылы сол кездегі қала әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВ бұл мәселені өз деңгейінде шешуге тырысты. 2020 жылдан бастап екі сорғы станциясымен сәуір айынан бастап каналдың мұз қату кезеңіне дейін каналды сол жағалаудағы булану алқаптарына ұйымдастырып айдау жұмыстары жүргізілді.
– Осыған байланысты жер асты суларының деңгейі төмендеп, бұрын ағаштар жерсінбеген жақын маңдағы аудандарды көгалдандыруға мүмкіндік берді. Жергілікті тұрғындар жағымсыз иіс пен құжынаған шыбын-шіркейге шағымдануды қойды. Толассыз жаңбыр жауса да, аумақты су басқан жоқ, - деп сендірді әкім тілшіміздің сауалына берген жауабында. Өкінішке орай, іс жүзінде халық оның нәтижесін көрмеді.
ПЕТИЦИЯ КӨМЕКТЕСЕ МЕ?
Көп ұзамай күн жылынып, қала тұрғындарына қайтадан жағымсыз иіс пен масаға шыдауға тура келеді. Нұрсая ықшамауданының тұрғыны Марат ДОСҚҰЛОВ осы мәселені жоғары жаққа жеткізуді өз мойнына алуды ұйғарды. Жақында ол белгілі азаматтық белсенді Талғат АЯНМЕН бірге редакцияға келіп, екі ай бойы қалай қол жинағанын айтып берді.
- Біз 10 мың қол жинағымыз келді, бірақ оны электронды қолтаңба платформасында емес, аяқтай жүріп жинағандықтан, қысқа уақытта жасау қиынға соқты, - дейді Т.Аян.
Белсенділер Ерік Мостовой каналын көміп тастап, оның орнына демалыс аймағын жасауды, сондай-ақ жол бойына ағаштар отырғызып, демалыс аймағын жасап, аумақты абаттандыруды, канал бойына Атырау қаласы тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне қажетті түрлі коммерциялық орынжайларды (дүкен, дүңгіршек, павильондар және т.б.), жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын, балалар ойын алаңдарын, субұрқақ, беседка және т.б. салуды талап етуде
Осылайша мұнайлы астананың ландшафтты-эстетикалық келбеті көркейетінін атап өткен белсенділер Президенттен осы мәселені шешуге көмектесуін сұрайды.
– Облыстың бұрынғы басшылығына әлденеше рет жүгіндік, алайда мәселе күні бүгінге дейін шешімін таппай келеді. Канал үлкен сарқынды шұңқырға айналып, тонналаған қоқыс және аң мен құстың өлексесіне толған. Қоқыс қайта өңделмейді, каналдан қолқаны қапқан иіс шығады, бұл біздің толыққанды тіршілік етуімізге кедергі келтіреді. Қолданыстағы канал арнасы егеуқұйрықтар, тышқандар мен иттердің, сонымен қатар қансорғыш масалардың жаппай көбеюіне қолайлы орын болып табылады. Кей жерлерде каналды қамыс басып кеткен. Мұндай антисанитария тұрғындардың денсаулығы үшін аса қауіпті. Осыған байланысты антисанитария көздерін жою үшін инженерлік-техникалық, экологиялық-табиғат қорғау және басқа да шаралар қажет. Бүгінде бұл шешілмей келе жатқан жаһандық мәселе, - деп жазады петицияда.
Қала билігі жаңбыр суы басқан көшелер мен жеке сектордағы ауладан вакууммен сорылған суды тікелей Ерік Мостовойға ағызуға рұқсат бергенде, олар бір жайтты ескермеген:
- Жеке үйлердің аулаларын су басқан кезде септик мен шұңқырлардың ішіндегілер жоғарыға көтеріледі. Демек, Ерік Мостовойға «су басқан аулалардағы жаңбыр суы» ғана емес, септиктердің ішіндегісі де түседі. Жақын маңдағы ықшамаудандардың тұрғындары тұрмыстық және кәріздік сарқындылардың өзенге құйылуынан үнемі зардап шегеді. Бүгінде канал Жайыққа құймайды, бірақ ол Жайыққа жететін болса, онда бұл сарқындылардың барлығы өзенге құйылады».
Олардың пікірінше, бұл мәселе шешілмесе, бұл зауыттардан атмосфераға тасталатын басқа да ластаушы заттар шығарындыларын айтпағанда, экологиялық апатқа әкелуі мүмкін.
Айнұр САПАРОВА
Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ