Атырау, 30 қыркүйек 06:18
 ашықВ Атырау +20
$ 479.23
€ 534.96
₽ 5.16

Балалар ауруханаларының бюджеті басқалармен салыстырғанда әлдеқайда аз - Асхат Аймағамбетов

835 просмотра

Балалар ауруханаларының бюджеттен алатын қаражаты басқа ауруханалармен салыстырғанда әлдеқайда аз. Бұл қызмет сапасына кері әсер етіп отыр. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында осындай пікір жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Балалар ауруханаларының бюджеттен алатын қаражаты басқа ауруханалармен салыстырғанда әлдеқайда аз, бұл өз кезегінде сапалы емдеу шараларын атқару үшін айтарлықтай қиындық тудырып жатыр.

Қарағанды облыстық балалар ауруханасына барғанда осы жүйелі проблемаларды дәрігерлердің өздері айтып отыр.

Басты мәселелердің қатарында балаларды емдеу үшін бюджеттен бөлінетін тариф мөлшерінің төмендігі (маңызды бағыттар бойынша) және аурухана ғимараттарының коммуналдық шығындарын төлеуге қатысты аспектілер бар.

Нақты айтатын болсақ, бұл жерде тариф дегеніміз – мемлекеттік бюджеттен жан басына шаққанда, яғни әр емделген бала үшін ауруханаға бөлінетін ақша. Ал бөлінетін ақша қандай болса, сапа да сондай болады», - деп жазады депутат.

Ол ұрпақ саулығы мен балалар денсаулығы үшін жұмсалатын қаражатты үнемдеуге болмайтындығын алға тартады.

«Әсіресе, КЗГ-сі айтарлықтай төмен бағыттар бойынша қайта қарау керек деп айтып отыр (пульмонология, нефрология, гастроэнтерология, аллергология, неврология, гематология, эндокринология). Бөлінетін қаржы (тариф) қайта зерделеніп, ұлғайтылуы тиіс деп санаймын. Бұл мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен бірге жұмыс істейміз. Ал, коммуналдық шығындар мәселесін шешу үшін облыстық әкімдік дұрыс әрі тиімді шешім қабылдап, енді іске асырып жатыр.

Біздің негізгі ұсынысымыз – коммуналдық шығындарды бюджеттен төленетін жан басына қаржыландыру тарифінен бөлек шығарып, жеке қаржыландыру. Өйткені, әр өңірде коммуналдық тариф әртүрлі және осыған байланысты ауруханалар үшін қолданыстағы қаржыландыру жүйесі тиімсіз. Бұл мәселе бойынша тиісті жұмыс атқарылады», - дейді Асхат Аймағамбетов.

21 шілде 2023, 15:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.