Бергей Рысқалиевтың тұсында «салынған» (бұл жағдайда осы сөзді тырнақшаға алған орынды) 1200 орындық киноконцерт залы кейінгі әкімдердің басын қатырды.
Осы уақытқа дейін екі миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты жұмсалып, мердігер - «СнабОйлСтрой» ЖШС «қалай болса солай» тұрғызған ғимарат 2016 жылы бизнес орталығы ретінде қайта салынады деп хабарланған болатын. Француздық Issmat Investment & Finance компаниясы бұған $20 млн көлемінде қаржы бөлуге келісіп, бірақ кейін өздерінің барлық ғажайып жобаларымен көзден ғайып болды. Ал 2021 жылы облыстық құрылыс басқармасының сол кездегі басшысы Зейнолла МАНЕНОВ нысаналы мақсаты тағы да өзгертілетіні туралы хабарлады. Енді оны сауда ойын-сауық орталығына айналдыру жоспарланды. Бірақ осы жылдың ақпан айында жоспар қайта өзгерді. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВТЫҢ айтуынша, құрылысы аяқталмаған концерт залы бұзылып, оның орнына осындай мақсаттағы жаңа ғимарат салынады деп жоспарланып отыр; сонымен қатар, қасынан өлкетану мұражайын салу да ойластырылған. Осы жұмыстың бәрін BI Group өз қолына алып жатқан секілді.
Бүгінгі ахуалдың қандай екенін білу үшін «АЖ» құрылыс басқармасына редакциялық сауал жолдады. «Қазір BIGroup компаниясы жасаған жаңа нысанның эскиздік жобасы бар. Облыс әкімі инвестормен келіссөз жүргізіп жатыр. Эскиздік жоба бекітілгеннен кейін техникалық тексеру жүргіземіз. Әрі қарай нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы демеуші есебінен орындалатын болады», - делінген Н.Құсайыновтың қолы қойылған жауапта.
…Қозғалыс пайда болған секілді. Алайда «Бергейден кейінгі» әкімдер Нұрлан Ноғаев пен Махамбет Досмұхамбетовтен кейін Серік ШӘПКЕНОВ осынау ұзаққа созылған, жағымсыз хикаяның соңына нүкте қоя алар ма екен? Әлде тағы да осылай жалғаса бере ме екен? Көрейік.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ