Атырау, 25 қараша 12:35
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Индерге бизон келмейді

2 864 просмотра


Индер ауданында экспортқа ет шығару үшін америкалық бизондар да, француз парфюмер фабрикалары үшін лаванда да өсірілмейді. Сондай-ақ, күн электр станциясы мен үлкен жылыжай да салынбайтын шығар. Осы мақсатқа берілген жер мемлекетке қайтарылады. Бұл   аудан әкімі Серік АРЫСТАН өткізген брифингтің басты «жаңалығы» болды. Өткен жылдың жазында «АЖ» француздың "Issmat investment&finance" компаниясы мен «Атырау» ӘКК арасында жасалған бірлескен жобаға сенімсіздікпен қарап, талдап жазған еді. Бекер күмәнданбаған екенбіз.   

Алдымен әкім өзіне сеніп тапсырылған аумақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы барысы туралы айтты: биылғы аудан бюджеті 6 млрд 163 млн теңгені құрап, 2 млрд 356 млн теңгеге жалпы ұзындығы 52 шақырым жол жөндеуден өткізілді. Ауданда көп салада өсу байқалғанмын, өнеркәсіп өнімінің көлемі азайған. Бұған себеп құқыққорғау органдарының тексерісінен кейін, аудандағы темір жол арқылы жүк тасымалымен айналысатын «Индер Темір Жолы» ЖШС-нің жұмысы уақытша тоқталып, өнімдерді тасу тұралап тоқтап қалған.

«АЖ» сұрақтары:

- Өткен жылдың шілдесінде Индер ауданында франциялық «Issmat investment&finance» компаниясымен бірлескен 300 миллион доллардың жобасы таныстырылған еді. Бұның тағдыры қалай болып жатыр?

- Өкінішке орай, біз бұл компаниялармен тікелей емес, «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясы арқылы хат алмасып тұрдық. Жобаны жүзеге асыру үшін жер бөлінген болатын, бірақ ол жер әлі күнге дейін пайдаланылмай тұр. Жер кодексіне сәйкес, бөлінген алқапты кері қайтарып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалай болғанда да, бюджеттің ешқандай ақшасы шыққан жоқ.

- Индер тұрғындарының көше тазалығына көңілдері толмайды. Индер көшелері қоқыстан қашан және қалай арылады?

- Аудан орталығынының тазалығымен «Индер-Тек» ЖШС мекемесі айналысқан болатын. Бірақ бұл мекеменің техникалары жиі бұзылып, 1 қазаннан бастап жұмысын толық тоқтатты. Қазіргі таңда конкурс жариялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

- «АЖ» карьер топырағын тасушыларға Жарсуат және Бөдене ауыл тұрғындары шағымданғаны туралы жазған болатынбыз. Үлкен жүк көліктері мал жайылымын таптайды. Осы бағытта қандай іс-шаралар қолған алынды?

- Қазіргі уақытта бұл мәселе өз шешімін тапты. Карьерлерден топырақ тасу үшін жүретін жолдың құжаттары рәсімделіп жатыр, яғни жүру маршруты белгіленді. Олар әрине мал жайылымдарынан алыс болады.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суретті түсірген автор

27 қараша 2018, 10:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.