Аудан орталығы Индербор кентінде тазалықпен екі бірдей мекеме айналысса да, уақытында алынбаған қоқыстардан көшелер шашылып жатыр. Жергілікті биліктегілер кезінде мәселені шешеміз деп уәде бергенімен, өзгерген ештеңе жоқ: ауыл орталығында үйілген қоқыстар мен оны жеген сиырлар. Жақында бір зеңгі баба тұқымы осы «тәттіден» жеп, өліп қалыпты.
Тұрғындар наразылықтарын әлеуметтік желіде жиі салады: «Дәл аудандық әкімшілік ғимаратына қарама-қарсы тұрған қоқыс алаңдарының үйіндісін неге олар көрмейді, соған таң қаламыз. Ауданның 90- жылдығын өткіземіз дейді, ал кентте күй кетіп тұр».
Индербор кентінің әкімі Рулан ТУРАБАЕВ:
- Бұған жауапты «Индертек» және «Ақжайық» ЖШС-тері өз деңгейінде жұмыс жасай алмай отыр. Жақында аудан әкімі Серік АРЫСТАН жиналыс жасап, егер де жүйелі жұмыс жасамайтын болса6 екі мекеменің шартын бұзу жөнінде мәселе қойды. Екі мекемеге 10 қазанға дейін ескерту берілді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен видеоны тұрғындар жолдады