Индер ауданындағы құрылыс топырақтарын өндіретін карьерлерден шыққан ауыр жүк көліктерінің жолдар мен жайылым жерлерді бүлдіріп жатқаны жөнінде «АЖ» бірнеше рет жазды. Бұл мәселе жиналыстарда талқыланғанмен, еш нәтиже берген жоқ. Сондықтан карьерге жақын орналасқан Жарсуат және Бөдене ауылдарының тұрғындары өз беттерінше кен орны иесі және ауыр жүк көлік жүргізушілерімен кездесу ұйымдастырды. Көп адам жиналған жиын Индер трассасының бойында өтті.
Аудандағы бес карьердің бірі «Жамантау» Жарсуаттан 22 шақырым, Бөденеден 14 шақырым қашықтықта, екі ауылдың орта тұсында орналасқан. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жүргізушілер жолды қысқарту үшін екі ауылдың мал жайылымы үстінен өтеді. Әсіресе «Шакман» ауыр жүк көліктері жерді қатты бүлдіреді екен.
- Біздің билік органдарына және «Нұр Отан» партиясына жазған арыздарымыздан нәтиже шықпады, сондықтан осындай кездесуді де өзіміз жасап жатырмыз. Тасымалдаушылар жерді бүлдіріп қана қоймай, қоқыстарды да далаға төгуді әдетке айналдырып кеткен. Оған куә бірнеше айғақ боларлық суреттеріміз, міне. Біз үндемесек онда жер өз құнарынан, мал өрісінен айрылады. Екі ауылдың халқы малмен күнелтіп отыр ғой,- дейді Байғали УТЕМАНОВ (суретте). - Біз бұдан бұрын да жүргізушілермен ымыраға келіскендей қадам жасадық, олар уәде етті. Біз белгілеген жермен жүре бастады да, үш күннен соң бұрынғы әдетіне қайта басты. Тіпті тізбектеле колонна болып, шаңды бұрқыратып, біздің ескертуімізге құлақ аспайды. Бұл көліктер «Атырау-Индер» жолын да бұзып болды.
- Ал біз ше. Жүру қиындады. Біз де ерігіп жүрген жоқпыз, отбасымызды осымен асырап отырмыз,- дейді «КамАЗ» жүргізушілері атынан сөйлеген Сабыржан САҚТАҒАНОВ. - Малшылар «енді жүрсеңдер, мылтықпен атамыз» немесе «дөңгелектеріңді жарамыз» деп қорқытуда. Біздер сонда не істейміз?
Осы жерде сөзге Жарсуат ауылдық округінің әкімі Әлифолла БАЛАХМЕТОВ араласты:
- Енді халық не істейді. Олардың малының жайылатын жері қалмаса, қайда барады. Біздің климатымыз құрғақ. Жауын-шашын да сирек болады, енді он күннен кейін өсімдіктер сарғайып қап-қара болады. Оның үстіне ауыр жүк көліктерінің көз көрсетпес шаңын жұтқан малда не күй болады. Сондықтан біздің талабымыз жайылымдық жердің қорғалуын қамтамасыз ету.
«Нұр Отан» партиясы аудандық ұйымының төрағасының бірінші орынбасары Өтепберген ОРАЗҒАЛИЕВ:
- Сіздердің кәсіптеріңізге (тасымалдаушыларға қарап) ешкім қол сұғып отырған жоқ. Артық салмақ тиеп алып, Индер трассасындағы тексеруден қашу үшін жайылым жерлермен төте тартатындарың өтірік емес.
«Жамантау» карьерінің иесі Мұрат ҚАРАБАЛИН
Кездесудің соңына таман келген аудан прокуроры Алтынбек ЖҰМАБЕКОВ (суретте) келіп, топты таратуға тырысты. Бұл тұрыстың заңсыздығын, талапкерлер аудан әкімі атына арыз түсіру керектігін, осыған орай шарасын алуға уәде етті.
Бір күннен кейін «АЖ» тілшісіне «Жамантау» карьерін пайдаланушы «ҚАЖ» ЖШС-нің директоры М. Қарабалин хабарласып, жағдайын айтты:
- Кездесуден кейін жүргізушілер ауыл адамдары белгілеп берген жолмен жүруге келіскен болатын. Бірақ сол күні бір жүргізушінің көлігі далада тұрып қалып, біздің карьерге келуден бас тартты. Басқалары да келген жоқ. Себебі жол бойындағы сайдағы сордан өту мүмкін емес. Бізге жол салып алыңдар дейді. Жол салу оңай ма? Үлкен шығынға ұшырап жатырмын. Негізі мен бұл «Жаман-Индер» кен орнын «Атырау» ӘКК коорпарациясынан 2009-2020 жылдарға дейін жалға алған болатынмын. ауданы 12 шаршы шақырым. ӘКК-ның белгілеп берген жоспары бар, 1 текше метрге 135 теңгеден төлеуім керек. Бұрын жоспарды артығымен орындайтын едім, қазір дағдарыс, клиент аз, жоспарды орындау мүмкін емес. Жергілікті әкімдіктен қолдау жоқ, бизнесім күйреп жатыр.
Қазір ауыл тұрғындары жолға сырттай кезекшілік орнатып, бақылауға алыпты. Ал Индер ауданы әкімі Серік АРЫСТАН заңдылықтарды қарап, шарасы алынады деп уәде беріп отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор