Атырау облыстық көліктік бақылау инспекциясында жақында ұйымдастырылған дөңгелек үстелге карьер иелері, экологтар, құқық қорғау органдары мен «Нұр Отан» партиясы өкілдері және ҚР Инвестициялар және даму министрлігі көлік комитеті төрағасының орынбасары Самат ҒИЛЫМОВ қатысты.
Инспекция басшысының орынбасары Аманжол ХАБДЕШОВТІҢ айтуынша, облыста инертті құрылыс материалдарын өндіретін 9 карьер жұмыс істеп тұр. Олардың бесеуі облыс орталығынан 180 шақырымдағы Индер ауданы аумағында, екеуі қала маңында, Жылыой және Қызылқоға аудандарында бір-бірден орналасқан.
- Облыс көлемінде орналасқан карьер иелері жүк жөнелту барысында тауар-көлік жүк құжатын, өлшеу немесе таразыға тарту актісін ресімдемей, жүк құжатына тасымалдаушылардың атауын көрсетпей, салмақтық параметрлерді асырғаны үшін тартылатын әкімшілік жауапкершіліктен оңай құтылғысы келеді. Мысалы, жыл басынан бері Атырау-Индер тас жолында салмақтық параметрлерді бұзған - 59, көлемдік параметрлерді бұзған - 47, тауар-көлік жүк құжатынсыз жүк тасымалдау бойынша - 116 әкімшілік іс қозғалды. Оларға 7 млн 443 мың 475теңге айыппұл салынды,- деді А.Хабдешов.
Индер аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының бірінші орынбасары Өтепберген ОРАЗҒАЛИЕВ Индер ауданындағы Жарсуат ауылының қыры арқылы карьерден жүк тиеп шыққан ауыр көлік иелері көлік инспекторларына ұсталмау мақсатымен, далалықпен, яғни зираттардың жанымен жүріп, Атырау-Индер тас жолына түсіп жатқанын айтты:
- Артық салмақ жүк тиеп алғандар көбіне түнде жүреді. Оларды күндіз де, түнде де қудық, бірақ бізді түсінгілері келмейді. Оларды далалық жерден ұстасаң, «тас жолға шыққан жоқпын» деп мойындамайды. Ендеше, олармен экология департаменті, прокуратура, полиция айналысуы тиіс.
Карьер иесі Мұрат ҚАРАБАЛИН:
-Сапасы нашар болса да «Атырау-Индер» тас жолы салынды, оған бәріміздің де жанымыз ашиды. Осы жолда қытайлық «Шакман» ауыр жүк көліктері көп жүреді. Менің білуімше, олар карьерлерде ғана жұмыс жасауы керек. Бұған бақылау бола ма?
Самат Ғилымов осыншама заңбұзушылыққа барып отырған жүк тасымалдаушыларын көзден таса қылып алып отырған Индер ауданындағы полицейлерді сынға алды:
- Ауданда қаншама полиция бар, бірақ артық салмақпен жүк тасымалдаушылар әлі тыйылмай отыр. Ішкі істер басқармасы, прокуратура бар, бірігіп жұмыс жасайық. Карьер басшылары, егер екі қап картоппен келе жатқан қытай көлігін көрсеңіздер, көлік инспекциясына хабарлаңыздар, заң бойынша ресімдейміз. Мәселен, Қызылорда облысында «шакмандарды» тоқтатып тастады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор