
Ел тұрғындарының басым бөлігі, әсіресе жазда кондиционерлер, ал қыста жылытқыштар үздіксіз жұмыс істейтін оңтүстік және батыс өңірлердегі халық үшін коммуналдық қызметтердің ақысы шығынның едәуір бөлігін құрайды.
«МРЭК» АҚ метрология қызметінің басшысы Данияр Ильясов Lada.kz басылымына берген сұхбатында пәтерлеріміздегі қандай тұрмыстық техника электр есептегіштерді байқатпай айналдыратынын және артық киловатт-сағат үшін төлемей-ақ үйдегі жайлылықты қалай сақтауға болатынын айтып берді.
Үйдегі электр энергиясын ең көп тұтынатын құрылғылар
Маманның айтуынша, электр желісіне түсетін негізгі салмақ маусымдық құрылғылар мен жылытуға немесе салқындатуға арналған техникаға тиесілі.
Электр энергиясын ең көп тұтынатын ТОП-5 құрылғы:
Кондиционерлер (жаздың аптап ыстығында электр энергиясын көп тұтынады);
Электр жылытқыштар (суық мезгілде);
Су жылытқыштар (бойлерлер) (судың температурасын үнемі бір деңгейде ұстап тұратындықтан);
Кір жуғыш машиналар (электр энергиясының негізгі бөлігі суды жылытуға жұмсалады);
Электр плиталар, үтіктер, шәйнектер мен микротолқынды пештер (қуаты жоғары, алайда қысқа уақыт жұмыс істейтіндіктен шығыны салыстырмалы түрде аз).
«Бір құрылғының өзі электр энергиясы үшін төленетін жалпы сомаға мүлде әсер етпеуі де, оны едәуір арттыруы да мүмкін. Мұның бәрі оның қанша уақыт жұмыс істейтініне және қандай режим таңдалғанына байланысты», — деп атап өтті Данияр Ильясов.
Ажыратылған техника розеткаға қосулы тұрса, электр энергиясын тұтына ма?
Иә, тұтынады. Розеткада қалдырылған қуаттағыштар, күту режиміндегі теледидарлар, Wi-Fi роутерлері мен ақылды колонкалар электр энергиясын үздіксіз жұмсай береді.
Маманның бағалауынша, теледидар, микротолқынды пеш, роутер, «Алиса» сияқты ақылды колонка және бірнеше қуаттағыштан тұратын стандартты жиынтық күту режимінде сағатына шамамен 25 Вт электр энергиясын тұтынады. Бір ай немесе бір жыл көлемінде бұл «босқа» жұмсалған едәуір шығынға айналады.
Кондиционерді қалай дұрыс пайдалану керек?
Аптап ыстықта көпшілік пульттен ең төменгі 16 градусты орнатып, бөлмені тез салқындатуға тырысады. Энергетик бұл әдеттен бас тартуға кеңес береді.
Оңтайлы температураны таңдаңыз. Денсаулық пен қаражат үшін қолайлы температура — 22–24 градус.
Көшені салқындатпаңыз. Терезелер ашық тұрған кезде кондиционерді қосу оның тиімділігін күрт төмендетеді, компрессордың тозуын жеделдетеді және құрылғыны барынша жоғары қуатпен жұмыс істеуге мәжбүрлейді.
Құрылғыны үнемі қосып-өшірмеңіз. Егер үйден аз уақытқа шықсаңыз, кондиционерді өшірмей, температураны бірқалыпты ұстап тұру режимінде қалдырған тиімді. Әр қосылған сайын құрылғы тек ауаны ғана емес, қызып кеткен қабырғалар мен жиһазды да салқындату үшін көп электр энергиясын жұмсайды.
Перделерді жауып жүріңіз. Қарапайым әдіс: күн ыстықта қалың перде немесе жалюзи бөлменің қатты қызып кетуіне жол бермейді. Соның арқасында кондиционерге түсетін жүктеме азаяды.
Тұрмыстағы пайдалы кеңестер: кір жуғыш машинадан тоңазытқышқа дейін
Энергетик көпшілік қолданатын тұрмыстық техниканы тиімді пайдалану бойынша мынадай кеңестер берді:
Кір жуғыш машина: электр энергиясының 80%-ы суды жылытуға жұмсалады. Киімді 30–40 градуста жуыңыз. Заманауи кір жуғыш ұнтақтар мұндай температурада да кірді жақсы кетіреді.
Тоңазытқыш: оны қабырғаға тақап қоймаңыз. Конденсаторды салқындату үшін ауа айналымы қажет. Әйтпесе құрылғы қызып, электр энергиясын 15–20%-ға артық тұтынады. Сондай-ақ мұздатқыш камераны уақытылы ерітуді ұмытпаңыз. Мұз қабаты жылу оқшаулағыш ретінде әсер етеді.
Бойлер: суды жылытуды ең жоғары деңгейге қоймаңыз. 60–65 градус температура жеткілікті. Ал орталықтандырылған ыстық су жүйесі бар қалаларда жаз мезгілінде су жылытқышты мүлде пайдаланбауға болады.
Электр плитасы: ыдыстың көлемін конфорка өлшеміне сай таңдаңыз және кәстрөлдердің қақпағын жауып пісіріңіз. Қақпақсыз су буланып, жылу сыртқа кетеді, соның салдарынан тағам әлдеқайда ұзақ дайындалады.
Шәйнек: бір кесе шай ішу үшін екі литр суды қайнатудың қажеті жоқ. Дәл қазір ішетін мөлшердегі суды ғана құйыңыз.
Қарапайым есеп: LED шамдарға көшудің пайдасы
Маман жарықтандыру мәселесіне де жеке тоқталды. Ескі қыздыру шамдарын жарықдиодты (LED) шамдарға ауыстыру — электр энергиясы үшін төленетін соманы азайтудың ең оңай жолы.
«Қыздыру шамы 60 Вт қуат жұмсап, белгілі бір жарық ағынын береді. Дәл осындай жарық мөлшерін LED шам небәрі 6 Вт тұтынып-ақ қамтамасыз етеді. Яғни электр энергиясын 10 есе аз жұмсайды», — деп түсіндірді Ильясов.
Жарықдиодты шам сатып алғанда маман тек ваттқа ғана емес, люменге (лм) де назар аударуға кеңес береді. Өйткені шамның нақты жарықтылығын осы көрсеткіш анықтайды.
Электр энергиясын үнемдеудің 5 алтын ережесі
Жаздың аптап ыстық күндері перделерді жауып жүріңіз.
Киімді 60 градуста емес, 30–40 градуста жуыңыз.
Электр шәйнекте суды артық қайнатпаңыз.
Кондиционер температурасын 22–24 градусқа қойып, ол жұмыс істеп тұрғанда терезелерді ашпаңыз.
Үйден ұзақ уақытқа кеткенде бойлер мен күту режиміндегі құрылғыларды электр желісінен ажыратыңыз.
«Электр энергиясын үнемдеу дегеніміз — жайлылықтан, ыстық душтан немесе бір кесе кофеден бас тарту емес. Бұл — тұрмыстық техниканы ақылмен пайдалану және ешқандай пайда әкелмейтін артық шығыннан бас тарту», — деп түйіндеді энергетик.
В Атырау +5.4