Атырау, 11 қараша 16:53
 дождьВ Атырау +5.4
$ 447.52
€ 502.21
₽ 5.41

Атырауда жедел жәрдем шақырудың жаңа тәсілі таныстырылды

23 рет қаралды

Атырау облысының тұрғындары енді жедел жәрдем бригадасын арнайы Telegram-бот арқылы да шақыра алады. Жаңа цифрлық жүйе диспетчерлерге телефон соқпай-ақ пациент туралы ақпаратты және оның орналасқан жерін дәл жіберуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды өңірдің денсаулық сақтау басқармасы.

Жүйе облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жедел медициналық көмек көрсету сапасын арттыру және шақыртуларды қабылдау үдерісін оңтайландыру мақсатында енгізіліп, іске қосылды. Енді облыс тұрғындары жедел жәрдем бригадасын арнайы Telegram-бот арқылы да шақыра алады.

Жүйенің бір ерекшелігі - диспетчерлік желіге түсетін жүктемені азайтуға, сондай-ақ науқастың орналасқан жерін геолокация арқылы нақты анықтауға мүмкіндік береді.

Telegram-бот арқылы жедел жәрдем бригадасын шақырту тәртібі:

1. Telegram қосымшасынан жедел жәрдемнің @atyrau_103_bot ресми ботын табу;

2. «Шақырту беру» функциясын таңдау;

3. Науқастың аты-жөнін, орналасқан мекенжайын және денсаулық жағдайы туралы мәліметтерді енгізу;

4. Өтінішті жіберіп, тіркелгені туралы хабарламаны күту.

Жіберілген ақпарат автоматты түрде диспетчерлік пункттің базасына түседі. Шақырту тіркелгеннен кейін пайдаланушыға тиісті хабарлама жолданады.

Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасы Telegram-бот – жедел жәрдем шақырудың қосымша тәсілі екенін атап өтті. Ол дәстүрлі шақырту қабылдау тәртібін алмастырмайды. Тұрғындар бұрынғыдай кезек күттірмейтін көмек қажет болған жағдайда 103 бірыңғай нөміріне қоңырау шалу арқылы да жедел медициналық көмекке жүгіне алады.

Бір қызығы, Атырауда жедел жәрдем шақыруға арналған Telegram-бот 2022 жылдың мамыр айында да жұмыс істеп тұрған еді. Төрт жарым жыл өткен соң облыстық денсаулық сақтау басқармасы цифрлық жүйені енгізу туралы тағы да жаңалық ретінде хабарлап отыр. 


Бүгін, 15:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.