
Мексиканың Монтеррей қаласының орталығында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің бейнесі салынған ауқымды мурал пайда болды.
Әншінің жанкүйерлері бұл ерекше сыйды оның DIMENSIONS әлемдік турнесі аясындағы концерті қарсаңында дайындаған, деп хабарлайды Dimashnews.com.
Муралды салу бастамасын Dimash&DearsRegiasMty фан-клубының мүшелері көтерген. Жобаға Dears por Dimash мексикалық альянсы қолдау көрсеткен. Шығарманың авторы — Antonio Art Mural шығармашылық бүркеншік атымен танымал жергілікті суретші Антонио.
Әншінің портреті Монтеррей қаласының орталығындағы Francisco Javier Mina көшесі, 1140 мекенжайында орналасқан. Енді қазақстандық орындаушының бейнесін қала тұрғындары мен туристер тамашалай алады.
Жанкүйерлердің айтуынша, мурал әншінің талантына деген сүйіспеншіліктің белгісі ғана емес, Қазақстан мен Мексика арасындағы мәдени байланыстың символына да айналды.
«Біз бұл өнер туындысы жай ғана көркемдік арнаудан әлдеқайда маңызды деп сенеміз. Бұл — мексикалық жанкүйерлердің шынайы сүйіспеншілігі мен таңданысының көрінісі», — деп мәлімдеді фан-қоғамдастық өкілдері.
Муралдың пайда болуы Димаштың 14 қарашада Монтеррейде өтетін концертіне орайластырылған. Бұл концерт DIMENSIONS әлемдік турнесінің Мексикадағы кезеңі аясында өтеді.
Әншінің гастрольдік сапары 11 қарашада Меридада, 14 қарашада Монтеррейде, 17 қарашада Гвадалахарада, сондай-ақ 19 және 20 қарашада Мехикода өтетін концерттерді қамтиды. Былтыр Димаш Мексикада өнер көрсетіп, ел астанасында аншлагпен өткен екі концертін өткізген.
В Атырау +4.4