Атырау, 11 қараша 16:07
 дождьВ Атырау +5.4
$ 447.52
€ 502.21
₽ 5.41

Тайландқа кеткелі жатқан қызды өлтірген қылмыскер ұсталды

45 рет қаралды

Астанада танысын қатыгездікпен өлтіріп, оның ақшасын ұрлаған және елдің басқа өңіріне қашуға әрекеттенген ер адамға қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Ол қасақана кісі өлтіргенін сол күйі мойындамады, деп хабарлайды «Криминальный Казахстан».

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, жұп биыл қаңтар айында интернет арқылы танысып, біраз уақыт кездесіп жүрген. Арада бір ай өткен соң қыз бұл қарым-қатынасты тоқтатуға шешім қабылдаған. Ол сапарға дайындалып, Таиландқа ұшуды жоспарлаған.

4 ақпанда олар қайта кездесіп, кейін қыз құрбысының пәтерінде уақытша тұрып жатқан үйге барған. Сол жерде туындаған жанжал кезінде ер адам қызды буындырып өлтірген.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті марқұмның мобильді қосымшасына кіріп, оның жинаған ақшасын досының шотына аударған. Із жасыру үшін такси шақырып, оқиға орнынан бой тасалаған.

«Досы шотына түскен ақшаны көріп, мессенджер арқылы оның қайдан келгенін және не үшін аударылғанын сұрағанда, күдікті оған жауап ретінде жай ғана смайлик жіберген», — делінген іс материалдарында.

Келесі күні айыпталушы досынан ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып беруін сұрап, елордадан Таразға қашуға әрекеттенген. Алайда алысқа ұзай алмады: полицейлер оны жол үстінде ұстап алды. Бұл кезде марқұмның денесін пәтерден әпкесі мен құрбысы тауып алған болатын.

Сотталушы сотта неге қол жеткізгісі келді?

Сот процесі барысында ер адам бөтеннің ақшасын ұрлағанын мойындағанымен, кісі өлтіру ниеті болғанын үзілді-кесілді жоққа шығарды. Ол соттан әрекетін «абайсызда адам өліміне әкеп соққан қылмыс» деп қайта саралауды сұрады.

Алайда сот барлық дәлелді зерделей келе, сотталушының уәжімен келіспей, оны заңның барлық талабына сай кінәлі деп таныды.

Сот үкімі

Ер адам 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енді. Алайда марқұмның туыстары бұл шешіммен келіспейді. Қаза тапқан қыздың әпкесі адам өмірін қиғаны үшін тағайындалған жазаны тым жеңіл деп санайды.

Бүгін, 15:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.