Атырау, 11 қараша 17:30
 дождьВ Атырау +5.4
$ 447.52
€ 502.21
₽ 5.41

Қазақстанда мұнайды Қытайға тасымалдау кезінде заңбұзушылықтар анықталды

29 рет қаралды

Қазақстанның Бас көлік прокуратурасы «Кенқияқ – Құмкөл» және «Атасу – Алашанькоу» магистральдық құбырлары арқылы мұнай тасымалдау кезінде салық заңнамасының бұзылғанын анықтады. Қадағалау органының араласуынан кейін 92 мың тоннадан астам мұнайдың есептік мәліметтері түзетіліп, бюджетке 3,3 миллиард теңгеден астам қаржы түсті.

Бас көлік прокуратурасы хабарлағандай, заңбұзушылықтар магистральдық мұнай құбырлары арқылы мұнай тасымалдаудың заңдылығын талдау барысында анықталды.

Тасымалдау кезінде технологиялық ерекшеліктер мен өлшеу қателіктері салдарынан пайда болған артық мұнай бухгалтерлік есепте толық көлемде көрсетілмегені белгілі болды. Бұл салықтық міндеттемелердің бұрыс орындалуына әкеп соқтырған.

Прокуратураның ұсынысынан кейін Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдады.

Нәтижесінде 92 мың тоннадан астам мұнай бухгалтерлік есепке қойылды. Тиісті түзетулер салық есептілігіне де енгізілді.

Тексеру қорытындысы бойынша қосымша салықтық міндеттемелер есептелді. Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығы 2,9 миллиард теңгені құрады.

Бұдан бөлек, мүлік салығы бойынша бюджетке өсім айыбын қосқанда 300 миллион теңгеден астам қаржы түсті.

Осылайша, бюджетке түскен қосымша түсімдердің жалпы сомасы 3,3 миллиард теңгеден асты.

Бас көлік прокуратурасы магистральдық құбыр көлігі саласында заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.

Анықтама: 

Бас көлік прокуратурасы салық заңнамасының бұзылуын анықтаған мұнай құбырлары «Қазақстан – Қытай» мұнай тасымалдаудың стратегиялық жүйесінің бөлігі болып табылады. Олар қазақстандық шикізатты ішкі нарыққа жеткізуді және Қытайға экспорттауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ ресейлік мұнай транзитіне қатысады.

Ұзындығы шамамен 794 шақырым болатын «Кенқияқ – Құмкөл» мұнай құбыры 2009 жылы пайдалануға берілген. Ол Қазақстанның батыс бөлігіндегі кен орындарын Құмкөл ауданындағы мұнай тасымалдау инфрақұрылымымен жалғайды. Оның өткізу қабілеті жылына 10 миллион тонна мұнай, инфрақұрылымды кеңейткеннен кейін оны 20 миллион тоннаға дейін арттыру мүмкіндігі бар.

Бұл бағыт бойынша Батыс Қазақстан және Ақтөбе кен орындарының мұнайы тасымалданады. Құбыр елдің мұнай өңдеу зауыттарына шикізат жеткізуді қамтамасыз етуде және шығыс бағытындағы экспорттық ағындарды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

«Атасу – Алашанькоу» мұнай құбыры Атасу мұнай айдау станциясын Қытайдың Алашанькоу пунктімен жалғайды. Оның жалпы ұзындығы 965,1 километрді құрайды, оның 962,9 километрі Қазақстан территориясы арқылы өтеді.

Бағыт Ұлытау, Қарағанды, Абай және Жетісу облыстарын басып өтеді. Мұнай құбыры 2006 жылы пайдалануға берілген, ал оның жобалық қуаты жылына 20 миллион тонна мұнайға жетеді.

Бұл — қазақстандық мұнайды Қытайға экспорттаудың негізгі бағыттарының бірі. Отандық шикізаттан бөлек, ол арқылы ресейлік транзиттік мұнай да тасымалданады. «ҚазМұнайГаз» мәліметтері бойынша, пайдаланыла бастағаннан бері мұнай құбыры арқылы 200 миллион тоннадан астам мұнай айдалған.

Екі мұнай құбыры да «Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС-не тиесілі — бұл «ҚазТрансОйл» АҚ-на 50%-ы тиесілі бірлескен кәсіпорын. Объектілерді тікелей пайдалануды «ҚазТрансОйл» жүзеге асырады.

Бүгін, 16:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.