Атырау, 21 қараша 23:33
 ашықВ Атырау +4
$ 495.20
€ 522.34
₽ 4.94

«Анам менің алғашқы ұстазым»

Сурет
1 817 просмотра

Алматыдағы Республика сарайында өткен «Жас қанат-2023» жас орындаушылар байқауында Атырау облысы Индер ауданы Аққала ауылының тумасы, жас әнші, 26 жастағы Ерназар ЖҰБАН Гран-при иегері атанды.

Айта кету керек, финалда сайыскерлер белгілі композитор, дирижер және өңдеуші Илья БАШҚАТОВТЫҢ жетекшілігімен тамаша  кәсіби Live бэндының сүйемелдеуімен өнер көрсеткен болатын. Бұл байқаудың ерекше бір жаңалығы еді. Осы сайыста оза шауып алға шыққан Ерназарға Гран-при жүлдесінен бөлек танымал музыкант Байғали СЕРКЕБАЕВ өзінің «Emporio Music Fest» музыкалық фестивалінің арнайы жүлдесін табыс еткен болатын. Жүлде - 5-7 шілде аралығында өтетін ең танымал «Montreux Jazz Festival» джах фестиваліне саяхат.

Аққала ауылында туып өскен Ерназар бала кезден ыңылдап өлең айтып аузы тыным таппайтын. Жалпы Мэлс СИПЛОВТЫҢ отбасындағы екі ұл, екі қыз өнерге жақын болып өсті. Себебі, әке-анасынан дарыған әншілік ұрпағына дарыған болатын. Мәселен, анасы Қалмаш ауыл сахнасынан түскен емес.

«АЖ» тілшісі Ерназармен және анасымен сұхбаттасқан еді.

- Өзім Елтайда «Бипыл», кейін «Назқоңыр» ансамблінде лирикалық жанрдағы өлеңдерді шырқайтынмын. Көрші ауыл Аққалаға тұрмысқа шыққанымен, өнерімді тастаған жоқпын. Бүгінде зейнеткер болсам да сахнадан түскен жоқпын, - дейді анасы Қалмаш СИПЛОВА. - Жалпы балаларым өлеңді жақсы айтады. Бірақ олар басқа мамандықты қалады, үлкен ұлым кедендік қызметте болса, екі қызымның бірі мұғалім, екіншісі дәрігер. Ал кенжем Ерназар өнер жолына түсті. Ол мектепте саз мұғалімі болмаса да маған еліктеп, менен үйренетін, қасымнан бір елі ажырамай бірге жүретінбіз. Кенжем болған соң ба, ол бір төбе еді. Кейін тіпті мектептің түрлі кештерін ұйымдастырып, оқушы болса да мұғалімнің міндетін атқарғандай болды.

2014 жылы Ерназар Аққаладағы орта мектепті тәмамдасымен ойланбастан өнер жолын таңдап, М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің музыка бөліміне оқуға түсіп, бітіреді. Содан соң Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясынан дәріс алып шығады. Лаки КЕСОГЛУ класынан білім нәрімен сусындап шыққан жас таланттың болашағы зор еді. Ол бүгінде Алматы қаласы әкімінің симфониялық оркестрінде еңбек етеді. Ерназар «Қазақстан дауысы» жобасында, Украинаның «Голос» шоуында өнер көрсетті. Басылымдар «Голос» шоуында украиналық продюсер Алексей ПОТАПЕНКО жас әншіге ерекше баға бергенін жарыса жазды.

- «Баласы атқа шапса, ана-ана үйде отырып тақымын қысар» демекші, ол бізден жырақта болса да оның амандығын күні-түні тілеумен отырамын. Біз жетпеген шыңға ұлым жетсе деймін, - дейді анасы Қ.Сиплова.

«АЖ» тілшісіне гастрольдік сапарда жүрген Ерназармен де қысқаша тілдесудің сәті түсті.

- Жалпы осы өнер жолына түсуіңе, болашағыңа жол сілтеуші болған ұстаздарыңды айтасың ба?

- Мені өнерге баулыған ұстаздарым... әрине, ең алдымен анам. Анам қолдаушы ғана емес, менің тыңдаушым, кеткен қателіктерді түсіндіріп түзетіп, алға жетелеумен болды. Одан кейін халық әртісі Лаки Кесоглу, Ринэма Рустамовнаның шеберханасынан дәріс алдым.

- Өзіңнің жеке продсюріңді таптың ба?

- Жалпы продюссерлермен бірлесіп жұмыс жасап көрген болатынмын. Бірақ бүгінде жеке продюссерім жоқ.

- Бос уақытыңда немен айналысасың, хоббиің?

- Суға жүзгенді өте жақсы көремін. Қолым босаса, бассейннен табыламын.

- Анаң келін түсіргісі келеді...

- (күліп) Үйлену әзір жоспарымда жоқ.

- Арманың не?

- Әлемге атым танылып қалатындай әнші болу.

- Арманың орындалсын! 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны Сипловтар отбасы ұсынды 

13 маусым 2023, 01:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.