Жылыой ауданына 900-ге жуық «ақылды» «Сергек» бейнебақылау камерасы орнатылады. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 850 камера мен
24 қиылысқа ақпараттық бағдарламалық кешен орнату жоспарланған.
- Құлсары қаласына, Жаңа Қаратон кентіне, Қосшағыл, Тұрғызба, Шоқпартоғай, Ақкиізтоғай, Майкөмген ауылдарына орнатылады. Жұмыстар толықтай жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр, - деді аудандық ТКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ержан ХАЙНОЛЛАЕВ.
Оның айтуынша, камералар бейне-фотоға түсіре отырып, мемлекеттік тіркеу нөмірін танудың мүмкіндігіне ие. Аталған камера жылдамдықты асыру, тоқтау сызығын кесу, тыйым салынған бағдаршамға қарамай жүру, жолды белгілеу талаптарын сақтамау, қоғамдық көлік жолағында көліктердің заңсыз қозғалысы бойынша ереже бұзушылықты анықтайды.
Сонымен қатар, жүйе аулалар мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қадағалайтын болады.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ