Нұрлан Балғымбаев атындағы қалалық №42 мектепте «Жаздың қызығы – көңілді демалыс!» ұранымен мектеп жанындағы лагерьде демалатын балаларға эстафета өткізілді.
№42 мектеп директоры Айнакөз БАЙҒАЛИҚЫЗЫ:
– Біздің жазғы лагерьде аз қамтылған отбасыдан 25 баладан 2 лек демалады. «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубы (БЖДШК) «Береке» ықшамауданында тұратын балалардың дене шынықтыру, зияткерлік және спорттық тәрбиесі үшін көп жұмыс атқаруда. Мектепте баскетбол, шахмат, грек-рим күресі секцияларының ашылғанына қуаныштымыз. 1 маусымда грек-рим күресінен қалалық турнирде шәкірттеріміз Жеңіс Осман мен Нұрдәулет Нұрбеков жеңімпаз атанды. Осындай оң өзгерістерге дән ризамыз.
«Барыс» БЖДШК директоры Рашид МУСИН:
– Біздің клуб 2016 жылы ашылды. Бұған дейін әскери комиссарлар әскерге шақыру алды жасындағы мектеп оқушыларының 70 пайызына дейін денсаулығына байланысты әскери қызметке жарамсыз деп шағымданған болатын. Сондықтан балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінен (БЖСМ) басқа балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубтары құрылды. Қазір облыста олар екеу – «Барыс» және «Ұлан» клубтары. Біздің жаттықтырушылар Атыраудағы барлық мектепте дерлік, сондай-ақ 7 ауданның барлығында жұмыс істейді. Оқу орындары дене шынықтыру сабағынан бос уақытта бізге спорт залдарын береді. Біздің клуб не үшін керек? Өйткені, Атыраудағы 66 мың оқушының 6 мыңы ғана БЖСМ секцияларында айналысады – олар іріктеуден өткендер. Қалғандары сырт қалады. Ал біздің клуб ниет білдірушілердің барлығын дерлік тегін сабақтарға қабылдайды, атап айтқанда, бұл аз қамтылған отбасы балаларына, денсаулығы нашар балаларға қатысты. Бюджеттен жалақыға ғана қаражат аламыз, ал спорт залдары, мектеп алаңдары бізге тегін беріледі.
– «Барыс» оқу жылында 100-ден астам спорттық жарыс өткізеді, – деп сөзін жалғастырды Р.Мусин. – Атап айтқанда, бұл – облыстағы мектеп оқушыларының гимназиадасы, спорт түрлерінен оқушылардың қалалық лигасы, «Айбын», «Жол қозғалысының жас инспекторы» байқаулары, спорттық туризм. Жазғы демалыста да жұмыс күшейеді. Мектеп жанындағы лагерьлерде спорттық шаралар ұйымдастырамыз. 8 шілдеде 3х3 стритболдан (көше баскетболы) ұлдар арасында облыс біріншілігі өтті, оған дейін волейбол мен футболдан турнирлер өтті. Осы жазғы демалыста шахмат, дойбы, мини футбол, ләңгі, секірме жіппен секіру, спорттық туризм және басқа да көптеген спорт түрлерінен жарыстар өтеді.
Жазғы демалысқа қарамастан балаларды үздіксіз жаттықтыру керек деген оймен грек-рим күресінен жаттықтырушы, балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісі Ахмад ФИЛЮШИН де келіседі:
- Мен демалысқа шықтым, бірақ қыркүйекке дейін балаларды жоғалтпас үшін жаттығуды жалғастырамын.
«Береке» демалыс лагерінің балалары өткен жарыстарға риза болды.
Бекзат САХИП:
- Маған эстафеталық жарыс қатты ұнады. Біздің команда жеңілді, бірақ қарымта қайтару үшін одан әрі жаттығу мақсаты пайда болды.
Айша ӘЛІБЕКҚЫЗЫ:
- Маған доппен ойнайтын ұжымдық ойындар қатты ұнады.
Балалар сыйлықтары үшін «Барыс» клубына алғыстарын білдірді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттерді түсірген автор