Тәжікстан Еуразиялық экономикалық одан құрамына кіруден ашық бас тартты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Душанбе билігі Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) қосылу жайындағы мәселені қарастырмайды. Бұл туралы 7 маусым, сәрсенбіде, Тәжікстан СІМ-нің ресми өкілі Шохин Самади мәлімдеді.
Министр Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың бір күн бұрын Тәжікстанға жасаған сапарын сөз ете келіп, Тәжікстанның Еуразиялық одаққа кіруге құлшынысы жоқ екенін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Лавров Орталық Азияны Кремль билігі мен "ұйымдасқан Батыстың" қарсыласар жаңа майдан аймағы деп атайған еді. Әрі Ресей сыртқы істер министрі Тәжікстанның ЕАЭО мүшесі болатынына үмітті екенін жеткізген болатын.
Еуразиялық экономикалық одаққа Ресейден басқа бұрынғы КСРО-ның төрт елі (Беларусь, Армения, Қазақстан және Қырғызстан) кіреді.
Орайы келгенде айта кетейік, Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) құрамындағы Ресей мен Беларусьтін орны ерекше екенін айта келіп, бұл ұйымда Қазақстан, Қырғызстан және Армения сияқты интеграцияның басқа деңгейіндегі мемлекеттер де барын еске салған еді. Бұған қатысты:
Біз назарға алуымыз керек концептуалды шындық немесе ерекшелік бар - бұл Беларусь пен Ресейден тұратын Одақ. Бұл одақтың тұжырымдамалық және идеологиялық негізі айтарлықтай салмақты. Бұл қоғам мойындаған өзара мәдени, тілдік, діни бірегейлік. Яғни бір халықтың бар екенін мойындау, – деп айтқан болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал Өзбекстан билігі мен Тәжікстан билігі бұл отырысты сырттай тамашалған еді.