7 маусым күні «Мұнайшы» стадионында «Атырау» мен алматылық «Қайрат» арасында футболдан Қазақстан Кубогының 1/4 финалының жауапты ойыны өтті. Еске салсақ, бірінші ойын 1:1 есебімен аяқталған болатын.
Бірінші тайм өзара шабуылмен өтті. 16-минутта бұрыштан доп берілгеннен кейін «Атыраудың» нигериялық шабуылшысы Нсунгуси ЭФФИОНГ әдемі секіріп, басымен дәл соққы жасады – есеп 1:0. Бұдан кейін алматылықтар бірнеше рет өткір шабуылдар жасады, бірақ бірінші таймның соңына дейін есеп өзгеріссіз қалды.
51-минутта алаңның ортасынан жақсы пас алған сол Эффионг жылдамдықпен меймандар қақпасына жетіп, допты сол жақ бағанаға қарай мықтап соқты – есеп 2:0. 67-минутта алаң иелерінің қақпасының алдында абыр-сабыр кезінде бұрыштан берілген допты «Қайраттың» шабуылшысы Ян ТРУФАНОВ ептілікпен қақпаға салды, есеп 1:2. Сөйтіп ойын қайта қызды, бірақ басқа гол соғылмады.
Сонымен «Атыраудың» 2:1 есебімен жеңіске жетуі команданы ел кубогының жартылай финалына шығарып, біздің футболшылар қостанайлық «Тобылмен» кездеседі. Екінші жартылай финалдық жұпта «Астана» мен «Шымкент Ордабасы» командалары ойнайды. Алғашқы ойындар 28 маусымда, қарымта кездесулер 8 шілдеде өтеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ