Атырау әкімдігінде қайта құру жасалды: екі бөлім құрылып, біреуі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, екіншісі ТКШ және тұрғын үй инспекциясы. Бұрын бұл функциялардың барлығын ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі атқарып келді. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, қала әкімінің мұндай шешіміне облыс орталығындағы жұмыс ауқымының кеңеюі себеп болған.
Әлібек МҰХАНБЕТАЛИЕВ Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Ол 1984 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында дүниеге келген. 2005 жылы Атырау мұнай және газ институтын, 2017 жылы Х.Досмұхамедов атындағы АМУ-ді «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2003 жылы бастады. 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Осы қызметке тағайындалғанға дейін қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қызметін атқарған.
Ал Бақтияр ХАМИДУЛЛАЕВ қалалық ТКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы болды. Ол 1993 жылы Атырауда дүниеге келген. 2013 жылы Атырау аграрлық-техникалық колледжін «Техник-құрылысшы, ғимараттар мен құрылыстарды пайдалану» мамандығы бойынша, 2016 жылы Атырау мемлекеттік мұнай және газ институтын «Құрылыс» мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 2015 жылы бастады. 2018 жылдан - мемлекеттік қызметте. Ол осы қызметке тағайындалғанға дейін қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА