Түркия президенті Режеп Ердоған Ресей және Украина президенттерімен телефон арқылы сөйлескен кезінде Каховка СЭС-і бөгетінің жарылуына байланысты комиссия құруды ұсынды. Бұл жөнінде Hürriyet басылымы жазды.
Ердоғанның сөзінше, тексеруге соғысушы тараптардың мамандары мен БҰҰ және халықаралық қауымдастықтың өкілдері қатысуға тиіс.
Түркия президенті Анкара бұл істі жіті тексеру үшін қолынан келгенінің бәрін істейді деген. Ердоған Мәскеу мен Киев бір-бірімен тікелей араласпай, халықаралық делдалдар арқылы астық келісімін жүзеге асырғанын мысалға алды.
Украина президенті Владимир Зеленский Түркия президентімен келіссөз қорытындысы жайында телеграм-арнасында хабарлап, Ердоғанға апатты жою салдарына қажет тізімді бергенін жазды. Ол бұл апатты "Ресей жасаған теракт" деп атады.
Ал Кремльдің хабарлауынша, Путин оқиғаға Украинаны кінәлап, СЭС-тің жарылуын "варварлық акция" деп атаған. Бұл – Путиннің Херсон облысындағы СЭС бөгетінің жарылуына байланысты алғашқы реакциясы.
Еуроодақ елдері апаттың салдарын жою үшін Украинаға гуманитарлық көмек жіберетінін мәлімдеді.
Каховка СЭС-інің бөгеті 6 маусымда таңертең жарылған. Днепр өзені жағасындағы тұрғындардың үйін су алды. Днепрдің сол жағалауы Ресейдің бақылауында. Қазір бұл өңірде төтенше жағдай енгізілген. ТАСС агенттігінің жазуынша, 3000-ға жуық үйді су алған, 1,5 мың адам құтқарылған.
Херсон облысының Ресей тағайындаған әкімі Владимир Сальдо су басып қалған ауданда 4 мыңға жуық адам тұратынын мәлімдеді.
Ал Украина бақылайтын Днепрдің оң жағалауында 80 елді мекенді су басқан. 2000-ға жуық үйді су басып қалған. 1400-ден астам адам құтқарылған.
Дереккөз: Аzattyq.org