Биыл Атырауда масаны улауға 50 млн 400 мың теңге бөлініп, жұмыс сәуір айында басталып кетті. Бірақ қала тұрғындары мұны әлі сезе қойған жоқ.
Масаны улау жұмыстарына тендер 10 наурызда жарияланған. Оны ашық конкурс арқылы «AG Dezinfection services» ЖШС жеңіп алды. ЖШС мен қалалық ТКШ бөлімі арасындағы келісім 18 сәуірде жасалған.
Қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Нұрислам ҒҰМАРДЫҢ айтуынша, биыл зиянкестерді улау жұмыстарына әр ауылдық округ жеке жауапты. Осы тендердің мемлекеттік сатып алу порталында техникалық ерекшелікке сәйкес Атырау қаласында (4149,21 га), оның ішінде су айдындарында (Сасықсай, Каспий теңізінің жағалауы, Ерік Мостовой, Перетаска каналы) зиянкестерді улау жұмыстары жүргізілуі тиіс деп көрсетілген. Мұнда жалпы саны 1153 көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлесі мен төменгі қабаттары көрсетілген.
– Аула мен жертөлелерде, саябақ пен алаңдарда, жалпы адам көп жиналатын жерде дезинсекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді Н.Ғұмар.
Ал 7 маусымда өткен баспасөз мәслихатында «AG Dezinfection Services» ЖШС директоры Гүлсара ХОДЖИБЕКОВА журналистер сауалына жауап бере отырып, бүгінде облыс орталығының қай ауданында масаны улау жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Бұл Авангард-2, 3, 4, Жилгородок, Ақ депо, Қара депо, Химпоселок, Балықшы, Водниково-1, 2, Жеңіс саябағы, сонымен қатар Маслопром, Торговая база, Рахат маңы және Элеваторная, Қабдолов, Құттығай батыр, Сырым Датов көшелері.
Оның айтуынша, жұмыс алдында масаны жоюға арналған препараттар арнайы сынақтан өтеді. Бұл дәрі-дәрмектің жергілікті масалардың түрлеріне қарай таңдалуы және экологиялық қауіпсіз болуы үшін қажет.
Атырау қаласының ауылдық округтерінде масаны улау жұмыстарын ақтөбелік «FARZA Corp» ЖШС жүргізіп отыр. Тендерлер сәуір айының ортасында ұтып алынды. Ауылдық округтерде масаны улауға айтарлықтай көп сома бөлінді: атап айтқанда Дамба ауылдық округінде 2 млн 575 мың теңге, Кеңөзекте 4 млн 775 мың теңге, Еркінқалада 5 млн 489 мың теңге, Қайыршақтыда 8 млн 276 мың теңге, Алмалыда – 1 млн 664 мың теңге.
Айнұр САПАРОВА