6 маусымда С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВТІҢ қатысуымен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және оның мердігер компанияларының өкілдерімен жиын өтті. Оған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат НҰРБЕК селекторлық режимде қатысты.
Жиынның мақсаты - аталған білім беру ордасын ұлттық компанияның корпоративтік ғылыми-индустриялды орталығына (R&D орталығы) айналдыру. Серік Шәпкенов оқу ордасының мұндай орталыққа айналуы білімгерлер мен оқытушылардың оқуына, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына, өңірде таланттардың тұрақтауына мүмкіндік беретінін айтты.
- Атырау мұнай және газ университеті – Қазақстандағы мұнай-газ саласының ғылыми-инновациялық орталығына айналуды мақсат етіп отыр. Жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндігі мол деп білеміз. Осы бағыттағы жұмыстарға қолдау көрсетіп отырған «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ұжымына табыс тілеймін,-деді С.Шәпкенов.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ университетпен тығыз жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды.
- Біздің компания өткен жылдан бері білім беру саласына ерекше назар аударды. Студенттердің сауатын арттыру мақсатында қолымыздан келген көмекті көрсетіп келеміз. Оларды тәжірибеге тарту, жұмысқа алу осы университетпен жасалған меморандум аясында жүзеге асырылады. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелі-конструкторлық жұмыстарына тарту жұмыстары күн тәртібінде тұр. Бұл мердігер компаниялардың дамуына септігін тигізеді, - деді М.Мырзағалиев.
Кездесу соңында М.Мырзағалиев пен Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада ШАКУЛИКОВА өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер