Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созып, олардың өмірге деген құштарлығын арттыру парыз. Бұл ретте кәсіпкер, «Миялы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек МҰРАТОВТЫҢ еңбегі зор. Бұл ұшін ол аудан орталығынан арнайы цех ашып отыр, деп хабарлайды Қызылқоға ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ол жерде кереует, үстел, шкаф сияқты жиһаздар және т.б. жасайды. Кәсіпкердің айтуынша, өнім тапсырысқа байланысты шамамен айына 4-5 өнім шығарылады.
- 2021 жылы аталған сала бойынша жұмысымды бастаған болатынмын. Бүгінде үйімнің жанындағы ғимаратты цех қылып ашып алдым. Мұнда жиһаз жасауға қажетті барлық құрал-жабдықтар бар. Алайда, ешқандай бағдарламаға қатысып, несие алып көрмеппін. Алдағы уақытта цех көлемін ұлғайтып, адамдарды көптеп тартсам деген жоспарым бар. Қазіргі уақытта 16 қызметкер жұмыс істесе, олардың 12-і мүмкіндігі шектеулі жандар. Ерекше жандарды аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі арқылы жұмысқа қабылдадым, - деді Асылбек Мұратов.
Цех қызметкерлерінің бірі - І топтағы мүмкіндігі шектеулі жан Махамбет СЕРІКҚАЛИЕВ.
- Бала кезімнен әртүрлі заттарды құрастыру, оларды ойлап табу өзіме ұнайтын іс. Қазіргі жұмысым - дайын тақтайларды біріктіру. Айына бірнеше тапсырыс қабылдап отырған цех тұтынушы талабын толық қанағаттандырып келеді, - дейді М.Серікқалиев.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер