Атырау, 27 қараша 23:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Құлсарыдағы қоқыс жәшіктерінің жыры: жалғасы бар

Сурет Бейнежазба
1 182 просмотра

Газетімізде осымен үшінші рет жазылып отырған Құлсарыдағы «ЭкоБин» қоқыс контейнерлері жырға айналды. Жергілікті тұрғындар бұдан төрт жыл бұрын алынған жәшіктердің аяқастынан жоғалып кеткеніне алаңдап, дабыл қағып, «АЖ»-ға хабарласты. Бәрі ештеңе емес, бірақ бір кездері оларға қыруар бюджет қаржысы жұмсалған-ды.

Сонда аудан әкімдігінің экологиялық тазалығы, қоқыстың шашылмауы, жағымсыз иісті білдірмейтін кереметтілігімен ерекшеленген замануи үлгідегі «ЭкоБин» қоқыс жәшіктерін алу жоспары сәтсіздікке ұшырағаны ғой.

Еске алсақ, 2019 жылы «Жайық Жарығы» ЖШС бюджет қаржысына алынған 72 млн 742 мың теңгеге 81 дана қоқыс жәшігін қаладағы 49 жерге орналастырып беріп кетті. ЖШС өз міндетін орындады, ал тапсырысшы - аудандық ТКШ бөлімі жұмысты қабылдап алды. Бірақ жергілікті билік жәшіктерді босатып, қалдықтарды полигонға апару үшін арнайы манипуляторлар қажет екенін ойламай қалыпты. Олар болмағандықтан жәшіктер лық толып, асып төгіліп, иістеніп кетті. Амал таппаған соң, «балалар ит, мысықты қамап тастайтын болды» деп желеуретіп, жәшіктердің қақпағын кілттеп тынды.

Енді бұл қоқыс жәшіктері ғайып болды. Олар қайда кетті?

- Көз алдымдағы мына сорақылыққа бей-жай қарай алмай отырмын. Осы жерде бұдан төрт жыл бұрын замануи «ЭкоБин» жәшіктерін орнатқан. Енді осы жәшіктер жоғалып кетті.  Бұл қалай болды, антикор, прокуратура мұны неге тексермейді? – деп наразы болды қала тұрғыны Рысжан БАЙҚҰТОВ. 

- Құлсары қаласында «ЭкоБин» қоқыс контейнерлері жинақталуда. Жинақталған контейнерлерді бағалауды екіжақты келісім шартпен «АзияКонсталтинг» ЖШС жүргізіп, әрбірінің құны шығарылды. Оншақтысы жарамсыз болып қалды. Бір қоқыс жәшігін бағалауға 362 мың теңге жұмсалып отыр. 55 қоқыс жәшігі 45 млн теңгеге бағалануда, - дейді қала әкімі Қадыржан АДИНОВ.

- Сонда бір «ЭкоБин» қоқыс жәшігі қаншаға бағаланып тұр? Аукциондық сату қандай әдіспен жүреді?

- Бір қоқыс жәшігі бағалау құнына сәйкес 824 мың теңге тұрады. Сату ағылшындық әдіспен жүреді (Бастапқыда ең төменгі баға белгіленіп, одан әрі сауда процесінде біртіндеп өседі – Л.Қ. ескертпесі). Сауда қорытындысы туралы ол біткенде ғана айта аламын.  


P.S. «Құлсарыдағы ЭкоБиннің» жырына әзір нүкте қойылмайтыны сөзсіз. Бұл тақырыпқа тағы ораламыз. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

6 маусым 2023, 10:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.