Атырау мұнай және газ университетінде облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ пен өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері, университет ғалымдары ғылыми-зерттеу жұмыстары саласындағы мәселелерді қарастырды.
Өңір басшысы елімізде ғылымды дамыту басты назардағы мәселе екенін айтты.
- Университеттің даму стратегиясын талқылап, әрі қарай нақты шешім қабылдаймыз. Қасым-Жомарт Тоқаев мықты маман даярлайтын шетелдік университеттердің филиалын Қазақстанда ашу қажет екенін айтты. Былтыр осы университет жанынан Губкин атындағы Ресей мемлекеттік университетінің филиалы ашылды. Жоғары деңгейлі, бәсекеге қабілетті маман даярлау – университеттің басты мақсаты. Студенттер ғылыммен айналысып қана қоймай, жаңа технологияларды қолданысқа енгізуі тиіс. Қолға алған жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! - деді С.Шәпкенов.
Кездесуде «Көктайғаққа қарсы препарат» өндірісінің тәжірибелік технологиясын енгізу, ежелгі Сарайшықты компьютерлік модельдеу, Атырау қаласы бойынша алты тілде жол көрсеткіш әзірлеу, облыстың экологиялық паспорты арқылы өңір экологиясын бақылау сынды мәселелер талқыланды. Шара аясында облыс әкімі Серік Шәпкенов М. Асаубаева атындағы креатив oрталығының жұмысымен танысты. Орталық еліміздің энергетика секторында ғылымды, цифрландыруды тиімді дамытуға бағытталған, өңірге ірі инвесторларды тарту мәселесімен, қоғамда экомәдениетті қалыптастырумен айналысады.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер