30 мамырда облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ Қызылқоға ауданы Сағыз ауылдық округіне жұмыс сапарымен барды.
Наурыз айында Сағыз ауылында Ноғайты өзенінің арнасы суға толғандықтан елді мекенді су басу қаупі төнген еді. Бүгінде Ноғайты өзенінің арнасын тереңдету, жағалауын бекіту және екі көпір салу қажеттілігі туындап отыр. Алдағы уақытта екінші көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасын жасау көзделген.
Сонымен бірге Серік Шәпкенов Сағыз ауылдық округіне қарасты 1-інші және 2-інші ауылға электр желісін тарту жұмыстарымен танысты. Құрылыс осы жылдың маусым айында басталып, қарашасында аяқталады деп жоспарланған. Әрі қарай ол Сағыз ауылдық округін таза ауыз сумен қамтып отырған су айдау бекетіне барып, «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырын қайта жаңғырту жұмысымен танысты. Тәулігіне 2400 текше метр су жіберуі тиіс станция бүгінде небәрі 700 текше метр су айдап тұр. Бекет ауылдың төменгі бөлігінде орналасқандықтан, ауылға су қажетті көлемде жетпей отыр. Осыған байланысты қосымша екі су қоймасы, ауылішілік су желісі және де ауылдың биік жерінен су мұнарасы мен су қоймасын салынбақ. Сондай-ақ, топтық су құбыры аяқталатын Жамансор ауылында да су қоймасы салынады.
Облыс әкімі А.Өміров атындағы өнер мектебіне барды. 1970 жылы пайдалануға берілген білім ошағы 60 балаға шақталған. Алайда мұнда 250 бала оқиды. Өңір басшысы өнер мектебін жаңа ғимаратқа орналастыруды тапсырды.
Сапар барысында С. Шәпкенов Сағыз ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, содан соң тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдады.
- Сағыз ауылында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында осы жылы 50 бейнебақылау камерасы орнатылады, полиция бөлімшесінің ғимаратын салу жоспарланған. 2024 жылы «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында бұл жерде 600 орындық мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, - деді С.Шәпкенов.
Кездесуде тұрғындар таза ауыз сумен қамту, ауылішілік көлік жолын, демалыс орнын, ойын алаңын салу, халықты жұмыспен қамту, денсаулық сақтау сынды мәселелерді көтерді. Өңір басшысы жиында көтерілген сұрақтар заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
Анықтама үшін: Сағыз ауылдық округінде 8 211 тұрғын бар.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер