Атырау облысында алғаш рет 1-20 ақпан аралығында «Атырау жастары» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау жұмыстары жүргізілген болатын. Оның мақсаты - 35 жасқа дейінгі жастарға жылжымайтын мүлік сатып алуға жәрдемдесу. Бүгінде құжаттары мақұлданған 830 өтініш берушінің ішінен 30 адамның ғана төлем қабілеттілігі расталды. Бұл туралы «Отбасы банк» өкілі Нұрболат БАТЫР мәлім етті.
- Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі құжаттарды қабылдап, ұпай сандарын есептеп, ұпайы көп азаматтарды банкке жолдады. Төлем қабілеттілігін анықтап, өздеріне ұнаған пәтерді 5% несие арқылы 19 жылға рәсімдейміз. Төрт адам баспаналы болды, қалғаны қазір пәтер іздеу үстінде. Пәтерді таңдағаннан кейін несиелендіру жұмысы жүреді, - деді Н.Батыр.
«Атырау жастары» бағдарламасымен биыл 100 адам тұрғын үймен қамтылады деп жоспарланған. Бұл мақсатта облыс әкімдігі 1 млрд теңге, ал «Отбасы банкі» 600 млн теңге қаржы бөліп отыр.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ