Ғимараттың ашылу салтанатына Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВ пен ҚР Ішкі істер министрі Марат АХМЕТЖАНОВ қатысты.
- Сіздер еліміздің тыныштығын сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызмет етіп жүрсіздер. Жергілікті атқарушы орган барлық жағдайды жасауға дайын. Ал сіздерден адал әрі абыройлы қызмет сұраймыз, - деді С.Шәпкенов.
Марат Ахметжанов өз сөзінде полиция қызметкерлерінің жайлы жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалғанын айтып, халыққа адал қызмет ету керегін жеткізді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа адал қызмет етіп, азаматтардың сенімін ақтау міндетін алдымызға қойды. Мына жаңа ғимаратты басшылықтың атынан жасалған қамқорлық деп білерсіздер. Бүгінде полиция қызметкерлеріне барлық жағдай жасалып жатыр. Сіздерге қойылатын бір ғана талап: елге адал қызмет етіп, міндеттеріңізді мүлтіксіз орындау, - деді М.Ахметжанов.
Шара барысында облыс әкімі мен министр жаңа ғимаратты аралап, әр бөлімнің жұмысымен танысты. Мұнда спорт кешені, кедергілер жолағы, жатақхана ғимараты, арнайы жедел әрекет ету жасағы, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, уақытша ұстау изоляторы, техникаға арналған алаң бар.
Серік Шәпкенов пен Марат Ахметжанов жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Атап айтқанда, дабыл қағылған қаладағы мектептердің біріне жедел әрекет ету тобы неше минутта жететінін тексерді. Шақыртуорнына ең жақын орналасқан «Батыс-7» жедел әрекет ету тобы білім беру мекемесіне стандартқа сәйкес уақытта, яғни екі минутта жетті. Осы уақытта жедел әрекет ету тобының қай жерде келе жатқанын облыс әкімі мен бас полицей GPS жүйесі арқылы бақылап отырды.
Шара барысында бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру мекемелеріндегі бейнебақылау камераларын көбейту мәселесі де талқыланды.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
ӨКҚ жолдаған суреттер