Атырау, 28 қараша 00:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Депутаттар бюджет ақшасын бөліп, бес жерлесіне «Құрметті азамат» атағын берді

Сурет
1 188 просмотра

Атырауда облыстық мәслихаттың ІІ сессиясы өтті. Облыстық әкімдіктің құрылымындағы өзгерістер туралы аппарат басшысы Болат ИСАҚОВ баяндама жасады. Ол әкімнің шешімімен 22 басқарманың 18-і қалатынын айтты.

Облыстық құрылыс және сәулет басқармасы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына біріктіріледі; ауыл шаруашылығы және жер қатынастары; балық шаруашылығы және табиғи ресурстар; кәсіпкерлік, туризм, спорт және мәдениет; экономика және қаржы басқармалары деген жаңа атауда болады.

Бюджеттік жоспарлау және қаржы бөлімінің басшысы Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВАНЫҢ баяндамасынан облыстық бюджетте бос қаржы бар екені, оларды қайта бөлу қажет екені белгілі болды.

Білім саласына 9,3 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Қаражат Исатай ауданы Томан ауылындағы 80 орындық балабақшаның және Индер ауданы Аққала ауылындағы 90 орындық балабақшаның құрылысын жалғастыруға жұмсалмақ. Атырау қаласындағы Жаңаталап ауылында 300 орындық мектеп-интернаттың, Құлсары қаласы мен Махамбет кентінде 300 орындық мектептердің құрылысын аяқтап, 4 мектеп асханасының қосымша құрылысын аяқтауға ақша бөлінетін болды.

Денсаулық сақтау саласына - 5 елді мекендегі медицина пункттерінің құрылысын аяқтауға, Исатай ауданы, Аққыстау ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттер құрылысын аяқтауға, Атырауда Нұрсая және Өркен ықшамаудандарындағы емханалар мен жедел жәрдем станциясының құрылысын қаржыландыруға 1,6 млрд теңге аударылды.

Оның 623 миллионы мәдениетке, 2 миллиарды спортқа, 4,1 миллиарды тұрғын үй құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымға, 317 миллионы газ тартуға, 806 миллионы құбыр суымен қамтамасыз етуге, 2 миллиарды электр желісін тартуға бөлінген. Көлік инфрақұрылымын дамытуға 9,7 млрд теңге бөлінеді.

Облыстық ономастикалық комиссияға №34 көпбейінді гимназия мектебіне Әбу Сәрсенбаевтың атын, Мақат мұнай және газ көпбейінді колледжіне Бөлекбай Сағынғалиевтың атын беру туралы және Құрманғазы ауданында Гагарин атындағы мектепті Рахымжан Отарбаев атындағы мектеп деп өзгерту туралы шешім жобасын қарау ұсынылды.

Өңірдің дамуына қосқан зор үлесі үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ бұрынғы директоры Махамбет Батырбаевқа, Атырау облысынан екі шақырылымдағы ҚР сенаторы Сәрсенбай Еңсегеновке, композитор әрі дирижер Кәрима Сахарбаеваға, Кеңес дәуіріндегі партия-шаруашылық жетекшісі Сәтқали Өтеулиевке, тәжірибелі журналист Кәрім Бахриденовке «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағын беру ұсынылды.

Депутаттар бірауыздан қолдап дауыс берді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

ӨКҚ жолдаған суреттер

27 мамыр 2023, 20:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.