Атырау, 23 желтоқсан 08:50
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

«Сәбиім түсіме енеді»

Бейнежазба
1 388 просмотра

Жылыой ауданы Құлсары қаласының тұрғыны, 19 жасар Назхан МУСАҒАЛИЕВА қапияда сәбиінен айрылып, қан жұтып отыр. Оның айтуынша, сәбиі дәрігерлердің салғырттығынан жарық дүниені көре алмады. «АЖ» тілшісі арнайы барып, қаланың «Бірінші» ықшамауданындағы көпқабатты үйде тұратын жапа шегушілермен тілдесіп, мән-жайды анықтауға тырысты. 

Біздің алдымызда Назхан емес, оның енесі Ақжан ДУНЕШОВА отыр. Ол мектепте теникалық қызметкер болып жұмыс жасайды. Көз жасы төгілген келінінің ертеңін ойлап, мазасы қашқан.  

- Келінім Назханға ол күнді еске алу оңай емес, ауыр күйзеліске ұшырады. Бұрын жарқырап, күліп жүретін, бүгінде көзінен жас кетпейді. Оның үстіне омырау сүті тиылмай, әлсін-әлі сауып тастап жүр. Келінім сол күнгі ауыр жағдайды толық жеткізе алмайтын (есіне түсіргісі келмейді) болғандықтан өзім баяндап берейін. Менің алты балам бар, «Күміс алқа» иегерімін. Екінші ұлым Алтай мен келінім Назхан 2022 жылдың қыркүйігінде отау құрды. Енді міне, бірінші сәбиінен айырылып отыр, - дейді Ақжан ДУНЕШВА.

Ақжанның айтуынша, 30 сәуір күні кешкі сағат сегіз шамасында келіні Назханның толғағы қысып, аудандық ауруханаға алып келген. Бірақ дәрігерлер «жатырдың ауызы жаңа ғана ашылып келеді, босануға ерте» деп, үйге қайтарып жіберген. 1 мамыр күні таңертең толғағы қатты қысып, Назханды аурухананың перзентхана бөліміне апарады.

- Сол күні келінімді кезекшіліктегі перзентхана меңгерушісі қабылдап алып қарап, «жатырдың ауызы 3 см ғана ашық, босануға әлі ерте» деп қайтарып жібер0ді. Ал түстен кейін келінімнің толғағы қайта қысып, қатты қиналды. Перзентханаға қайта бардық, енді оны Нағима есімді акушерка қабылдап алды. Ол «кешкі  18.00-ге дейін келініңіз босанады, қасына партнер келе берсін» деді. Партнер болатын сіңлімді ертіп, ауруханаға қайта бардым. Біз барғанда келінімнің «суын» жарып жіберіп, клизма айдап, допқа секіртіп қойыпты. Одан кейін басқа акушерка келді, - дейді А. Дунешова.

Одан кейін келінім әлденсін деп, Ақжан тамақ дайындап апарып берген. Сол күні кезекшілікке гинеколог келуі керек екенін біліп, Ақжанның өзі телефон соғып, келінінің жағдайын біліп тұруға келіскен. Марат есімді дәрігер оған «түн болып кетеді, вызывающий салып, босандырып аламын, әйтпесе келініңіз шаршап қалады» деген.

- Түнгі 2.00 шамасында келінімнің қасындағы патнер болған сіңлім хабарласып, «Назхан босанды, бірақ баланы өлтіріп алды» деген суық хабарды жеткізгенде, төбемнен жай түскендей әсер алдым. Жанұшыра ауруханаға жетіп не болғанын сұрағанымда, гинеколог Марат: «сәби өлі туылды, кіндікке оралып тұншығып қалған. Ал ота жасауға келініңіз әлсіз болды» деді. Ал қасындағы партнер болған сіңлім көп қан жоғалтқаннан болған дейді. Назханға сәбиінің өлімін естірту маған ауыр болды. Келінім ес жиғаннан ұлын қайта-қайта сұрап, көрсетуін өтінді, - дейді А. Дунешова.

Ақжан дәрігерлердің айтуы бойынша ешқандай талабым жоқ деп арыз жазып, немересін үйге әкеліп, есімін Аңсар деп қойып, ата ғұрпымен пәктеп жерлеген екен. 2 мамыр күні анықтаманы қолымызға алдық, онда салмағы 3 кг 270 гр, бойы 54 см ұл бала анасының 39 апта жүктілік кезінде өлі туылған деп жазылған. Болған жайды А. Дунешова интернет желісіне жариялағаннан кейін үш күннен соң дәрігерлер келіп, басу айтқансыған. 

Біз ауыр да болса Назханның өзімен сөйлесуді ұйғардық.

- Ол күнді есіме түсіргім келмейді. Қинады ғой мені. Олардың қолына түстім, бірақ мені қараған жоқ, бәрі солардың кесірі. Жеңілденгенімше менде бәрі жақсы болды, қан аздығы байқалғасын уақытында ауруханаға жатып, емделіп те шықтым. Ұлымның өлімін солардан көремін, - деді Назхан жыламсырап. - Сәбиім түсіме енеді. 

А.Дунешова немересінің өлімі дәрігерлердің кінәсінен болды деп айыптап, Жылыой аудандық прокуратурасына, ішкі істер бөліміне арыз түсірген.

- Бұл жағдай түн ішінде болған. Сәбиді мәйітханаға бермейміз дегесін қолхат жазып берсін дедім. Жалпы бұл бойынша айтарым, сәби кіндікке оралып, ауа жетпей қайтыс болған. Анасына болған жайтты түсіндіріп айттық, дегенмен олар прокуратураға арыз түсірді. Құқық қорғау органдары тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп, өз шешімдерін айта жатар. Ал біздің тарапымыздан тергеу жұмысының жүруіне орай акушер-гинеколог Марат Алдабергенов перзентхана бөліміндегі кезекшіліктен шеттетіліп, сөгіс алды. Ал сәбиінен айрылған Н.Мусағалиеваға дәрігерлік көмек беріліп жатыр. Оның алдағы уақытта емделуіне жағдай жасаймыз, - дейді Жылыой аудандық ауруханасының директоры Асулан АБДРАХМЕНОВ.

Жылыой аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Ринат ИКЛАСОВ бұл оқиға бойынша ҚР ҚК 317 бабы 3-ші бөлімімен ("Адам өлiмiне әкеп соққан медицина жұмыскерiнiң кәсiптік мiндетiн тиiсiнше орындамауы") тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатқанын айтты. 

А.Дунешева өздерінің рұқсатымен эксгумация жүргізу үшін немересінің мәйіті қазып алынып, Атырау қаласына алып кеткенін жеткізді. Сараптама өткеннен кейін сәбидің неден қайтыс болғаны анықталады.   

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Cурет пен видеоны түсірген автор

6 маусым 2023, 09:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.