25 мамырда Құлсары қаласында Жылыой аудандық электр жүйесінің 50 шақты жұмысшысы кеңсе маңына жиналып, жалақының өсірілуін және арнайы киімдердің тапшылығына байланысты наразылық танытты.
- Мен көп балалы анамын, жеті балам бар. Бірақ күнкөріс жағдайы күннен-күнге қиындап барады. Қымбатшылық салдарынан жағдайымыз мәз емес. Тазалықшы ретінде 80 мың теңге жалақы аламын, ол ешнәрсеге жетпейді. Баға өскенімен, еңбекақымыз сол күйінен жылжымай тұр, - дейді Әсел ШЫҒЫБАЕВА.
Басқа да сөйлеушілер азық-түлік бағасының қымбаттығы, банкке бережақтары туралы айтып шағымданды. Жалпы мекеме 1 шілдеден бастап еңбекақыны 20 пайызға өсірмекші.
- Бұған біз келіспейміз, бұл мүлдем жетпейді. Еңбекақымызды 50 пайызға өсіруін талап етеміз. Бізге жұмыс жасауға жағдай жасасын, - деді көпшілік.
- Жалпы ұжымда 200-ге жуық адам еңбек етеді. Орта есеппен ай сайынғы еңбекақы 120 мың теңге шамасындай. Бірден жалақыны көтере алмаймыз, биыл 20 пайызға өсірсек, келесі жылы 30 пайыз болып, жылдан-жылға өсіп тұрады, - дейді Жылыой аудандық электр жүйесінің басшысы Марат МЕНДИЯРОВ. - Ал арнаулы киімсіз адам жұмысқа жіберілмейді. Жылына бір рет сұраған размеріне қарай киім, каска беріледі. Бүгінде қоймада бәрі тұр.
...Бір жарым сағатқа созылған наразылық танытушылар жиыннан соң өз жұмыстарына кірісті.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор