Облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВТІҢ төрағалығымен өткен әкімдік отырысында жазғы каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын ұйымдастыру мәселесі қаралды.
Жиында Атырау облысы білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуақасова баяндама жасады. Оның айтуынша, облыста 70 000-ға жуық оқушы жазғы демалыспен қамтылады.
- 11 684 балаға жазғы мектептер ұйымдастырылады. Махамбет ауданы «Арай» лагері (480 оқушы), Индер ауданы «Жас өркен» лагері (1008 оқушы), мектептер жанынан тамақтандыратын лагерьлер ұйымдастырылып, онда 7931 бала қамтылады. 8 лагерь (Жылыой-1, Индер – 4, Исатай -1, Махамбет – 1, Қызылқоға -1 ) шипажай үлгісінде болады. Мектептер жанынан 695 тамақтандырусыз, бейіндік, дебаттық, тілдік және ІТ лагерьлер ашылып, онда 26 553 оқушы қамтылады. 2 мыңға жуық оқушы тарихи–өлкетану бағытында өңірдегі мұражайларға, мәдени-тарихи орындарға саяхат жасап, туристік экспедицияларға қатысады. 2 192 білім алушы қосымша білім беру ұйымдары жанындағы жазғы лагерьлерде, 4 619 бала жазғы каникул кезінде сыртқы лагерьлерде демалады. Еңбекке баулу шараларына қатысуға 9 262 баладан өтініш түсті, - деді Г.Сәдуақасова.
Жиында балалардың судағы қауіпсіздігі де талқыланды.
- Суға шомылу кезеңінде қалада 3 жағажай және Индер ауданында 1 жағажай ғана бар. Қалған аудандарда бірде бір жағажай жоқ. Бұл мәселе үш жақты комиссия отырысында қаралды. Нәтижесінде Атырау облысында 46 жағажай белгіленді. Мәселені шешудің жалғыз жолы – осы жағажайларды жеке кәсіпкерлерге жалға беру. Осылайша бізге коммуналдық жағажайлар ашу қажет. Бұл жағажайлардың бойында құтқару бекеті мен қоғамдық құтқарушылар болуы тиіс. Қоғамдық құтқарушыларды жедел штаб жасағы тегін оқытып, сертификат беруге дайын, - деді ТЖД бастығының міндетін атқарушы Асхат ЕРЖАНОВ.
Аймақ басшысы балалардың жазғы демалысына жауапкершілікпен қарауды тапсырып, лагерьлердің инфрақұрылымын жақсарту бойынша Жол картасын жасақтауды жүктеді.
- Шешілмеген мәселелер бар - мәселен, тамақтандыру. Өткен жылы көп өңірде тамақтан улану фактісі тіркелді. Жазда күн ысиды. Тез бұзылатын тамақтардың сақтау мерзімін қадағалау керек, - деді С.Шәпкенов.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет ӨКҚ