Атырау, 28 қараша 01:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Балалар жазда қайда демалады және «қиын» жасөспірімдермен не істеу керек – облыстық әкімдіктегі отырыста талқыланды

Сурет
1 095 просмотра

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВТІҢ төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау бағытында облыстық комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Облыста Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай спорттық нысандар саны көбейтіліп, мамандар саны артып келеді. - Облыс бойынша 31 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істесе, оның 9-ы қалада, 22-і ауылда. Биыл облыстың 13 спортшысы ҚР Кубогі бойынша жеңіске жетіп, спорт шебері атағына ие болды. Теннис орталығында 110 бала мен жасөспірім мемлекеттік тапсырыс аясында тенниспен тегін шұғылданып жатыр. Спорттың 26 олимпиадалық және 42 олипмиадалық емес, 1 техникалық, 11 ұлттық, жалпы 80 спорт түрін және мүгедектер спортын дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр,- деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұржауған ТӨЛЕУОВА. 

Жиында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссия жұмысы қаралды. Былтыр осы бағыта 22 отырыс өткізілген. 116 іс ювеналды полиция бөлімінің және білім беру ұйымдарының ұсыныстары бойынша қаралды.

- Биыл сегіз комиссия отырысы өткізілді. Онда 47 жасөспірімге қатысты іс қаралып, оның ішінде үш кәмелетке толмаған ұзақ уақыт бойы сабаққа бармай, оқудан жалтарған жасөспірімдерді арнаулы мектепке орналастыруға комиссияның тиісті қаулысы шығып, істері сотқа жолданды. Сегіз ата-ана баланың тәрбиесі мен білім алуы бойынша ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін ата-ана құқығынан айыру және шектеу туралы қаулы шығып, сотқа жіберілді. Төрт жасөспірімге тәртібін түзеу үшін сынақ мерзімі берілсе, үш ата-ана «Атырау облыстық наркологиялық диспансері бөліміне» бір ай мерзімде ем қабылдауға жатқызылды. Сондай-ақ, комиссия мүшелері тарапынан оннан астам отбасы азық-түлік және киім кешекпен қамтылды, - деді қала әкімінің орынбасары Нұржан ЕРМҰХАНОВ.

Оның айуынша, жалпы құқық тәртібін бұзуға бейім балалар, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасап полиция есебінде тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шығып отыр. Былтыр есепте 94 жайсыз отбасы тұрса, биыл бұл көрсеткіш азайып, 75 болған. Мұндай отбасылар айына кемінде екі рет полиция қызметкерлері мен комиссия мүшелерімен бірігіп тексеріліп, тұрғылықты мекенжайы бойынша профилактикалық сұхбат жүргізіліп тұрады. Сондай-ақ, «Қауіпсіз мектеп», «Түнгі қаладағы балалар», «Жанұя және бала» жедел профилактикалық іс шаралары өткізіліп келеді.

Сонымен қатар жиында оқушылардың жазғы каникул кезіндегі бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағыты да қамтылды. Биыл жазғы демалыспен 7-14 жас аралығындағы балалар қамтылады. Оның ішінде жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған, аз қамтылған, көп балалы отбасылардың, мүгедек және мүмкіндіктері шектеулі балалар мен жалпы білім беретін мектептердің үздік оқушылары бар. 

Жазғы тынығуға 149 мектеп жанындағы тамақпен қамтитын және шипажай үлгісіндегі, үш қала сыртындағы лагерь қарастырылып жатыр. Мектеп жанындағы тамақпен қамтитын және шипажай үлгісіндегі лагерлерде 8466 бала демалады деп жоспарланып отыр. Тамақтандыру лагерімен 65644 бала қамтылмақ. Үш қала сыртындағы лагерьге 2988 баланы қамту жоспарланып отыр,- деді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай БИМАНОВА

Жиын соңында Ж.Бисембиев тиісті сала мамандарына бірқатар тапсырма жүктеді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

ӨКҚ жолдаған суреттер

21 мамыр 2023, 13:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.