Атырау, 28 қараша 00:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

"КамАЗ" жүргізушілері жол салушыларды күтпеді

Бейнежазба
1 239 просмотра

Жуырда әлеуметтік желіде «Атырау-Индер» жолының «қызықты» жол жөндеу жұмысының видеосы тарады. Мен  сол жолдармен өткенде жолшылардың жылдағы жөндеуі болар деп топшылағанмын. Кейін білсек, жыртықты жамап жүрген жолшылар емес, кәдімгі қарапайым жергілікті кәсіпкерлер болып шықты. 

«КаМАЗ» көлігіндегі асфальт ертіндісін күрекпен жайып, оны катокпен бастырған бір топ жігіттер амалдың жоқтығынан осы әдіске барғанын түсінуге де болады.

Соңғы жылдары «облыстық маңыздағы» осы жолдың күйі кетіп, түрлі шұңқырлар пайда болған еді. Әсіресе Бөдене ауылы тұсындағы толған шұңқыр жүргізушілерге кедергі келтіріп жүрген. Жүргізушілер тіпті кейбір шұңқырды кірпішпен бітеп қойды. 

- Барлығы бақылаудың жоқтығынан. Кезінде бұл бағытпен байланыс мүлдем болмай, бұдан алты-жеті жыл бұрын осы жол пайдалануға берілгенде қатты қуанғанбыз. Алайда жолды ауыр көлікті машиналар, әсіресе Индер ауданындағы карьерден Атырауға шебень, топырақ тасығандар бүлдіріп болды, - дейді жергілікті тұрғындар.

Жолды жамап жүрген жігіттер карьерден шебень, топырақ тасымалдаушылар болып шықты. Айтуларынша, уақытша болса да жөндеу жүргізуді ұйғарған. Асфальт қоспасын сатып алған, катокты өздері жалдап алған.

- Жолдан күй кеткені рас. Ал мына жол жөндеу жұмысын көріп, тоқтатпақ болғанмын. Себебі, жол жөндеу технологиясы сақталмаған. Сөйтсем бұл атыраулық жүргізушілер болып шықты, олар жолдағы шұңқырларды жамауды өзі мойындарына алып, бұған облыстық автомобиль жолдары басқармасынан рұқсат алған. Жалпы, «Атырау-Индер» жолының сапасына байланысты бақылауды күшейтпесе болмайды, рейдтер ұйымдастырамыз, - дейді Индер ауданының әкімі Дарын ШАМҰРАТОВ.   

- Ол кәсіпкерлер өз күшімен уақытша жол жөндеуге бізден рұқсат сұрады. Оған қарсы болғанымыз жоқ, - дейді облыстық жолаушылар және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Самат АЙТҚАЛИЕВ.  – Бұдан бұрын «Атырау-Индер» жолын күтіп ұстауға 3 жылға арналған тендер жариялап қойғанбыз, оған бюджеттен 269 млн теңге қаралып отыр. Оның ішінде осы жолдың шұңқырларын жөндеу де бар. Тендер қорытындысы жарияланғаннан кейін технологияны сақтай отырып, бұл учаскелерді қайтадан жөндейміз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор, әлеуметтік желіден алынған бейнежазба

22 мамыр 2023, 18:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.