17 мамырда облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ мыстан жылына 200 мың тонна созба сым өндіретін түркиялық «Er-Bakir» ірі өндіріс компаниясының өкілдерін қабылдады.
Аймақ басшысы көп жылдан бергі байланыстың табысты болғанын атап өтті. «Er-Bakir» компаниясының директоры Маджит ТАШКЫН Атырау облысында мыстан электритті сым өндіру жобасын іске асыруға ниетті екенін жеткізді.
- Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі арқылы Қазақстан экономикасына инвестиция салу туралы шешім қабылдадық. Соңғы алты жылда АҚШ-пен жұмыс істедік. Сондықтан шетелде тәжірибеміз жеткілікті. Біз Жезқазғаннан жылына 20 мың тонна мыс экспорттаймыз. Алайда ол тиімсіз болған соң, логистикасы қолайлы аймақтарды іздеп жүрміз. Атырау облысы бұл жағынан тиімді. Сондықтан сіздің тараптан инфрақұрылым толық жүргізілген үш гектар жер бөлуді, оны теміржол бойына жақын маңнан беруіңізді сұраймын,- деді М.Ташкын.
Серік Шәпкенов облыста инвестицияға қолайлы орта қалыптасқанын жеткізді. Сондай-ақ шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік көп екенін айтты.
- Сіздер таңдаған аймақ екі жаққа да қолайлы болуы керек. Ресей, Әзербайжан, Түркияға мыс тасымалдауда біздің өңірдің көлік логистикасы сай келеді. Соған ыңғайлы деген аймақтарды белгілеп береміз. Электр жарығы үздіксіз болуы үшін генератор қоюға да рұқсат. Жер мен газ мәселесін шешіп береміз. Зауыт салу үшін үш гектар жер бөлінсе, жанынан тұтынушылар үшін қосымша үш гектар орынды қарастыру керек. Мен сіздің бұл жобаңызды қолдаймын,- деді С.Шәпкенов.
Айта кету керек, Атырау облысының Түркиямен сыртқы сауда айналымы осы жылдың бірінші тоқсанында 528,5 млн АҚШ долларын құрағанын айтып кету керек. Оның ішінде экспорт - 519,6 млн АҚШ доллар, импорт - 8,9 млн АҚШ доллар.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ. Созба сым – арнайы сым станогында ыстықтай илемдеу арқылы алынатын диаметрі 5-10 мм шыбық түріндегі тұтқыр материал (негізінен металл) формасы. Бұл кейін темірбетон конструкцияларына арналған сым мен арматуралар жасауға арналған дайындама.