Атырауда халық театрлары мен драма ұжымдарының «Шынайы шымылдық» облыстық фестивалі басталды. Оған 16 театр мен 4 драма ұжымы қатысуда.
Ереженің шарты бойынша халық театрлары Б.Қорқытовтың шығармаларынан және еркін тақырыпта 45 минуттық қойылым көрсетсе, драма ұжымдары 25 минуттық қойылым қояды.
Облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының басшысы Жәнібек АМАНИЯЗОВ фествальдің ашылуында қатысушыларға сәттілік тіледі.
- Іс-шараның мақсаты – жергілікті жазушы, драматург, өлке тарихын зерттеуші Берік Қорқытовтың шығармаларын көпшілікке таныстыру. Сондай-ақ халық театрлары ұжымдарының жұмысын қолдау, тәжірибе алмасу, дарынды актерлардың сахналау ерекшеліктерін шыңдау ,- деді Ж.Аманиязов.
Айта кетейік, фестиваль 18 мамырға дейін жалғасады. Өтетін жері Атырау қаласы, А.Байжігітова 86а мекенжайында орналасқан облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы. Келем деушілерге кіру тегін.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
ӨКҚ жолдаған сурет