«Мұнайшы» стадионында «Атырау» мен қарағандылық «Шахтер» арасында футболдан ел чемпионатының 9-турының ойыны өтті.
Ойын қауіпті сәттерге толы болды және оларды негізінен алаң иелері ұйымдастырды. Бірақ есепті қонақтар ашты: 16-минутта «Шахтердің» жартылай қорғаушысы Темур ЧОГАДЗЕ 25 метрден доп соғып, қақпаға жоғарғы оң жағынан дәл салды.
Бұл алаң иелерін алаңдатпады. 7 минуттан кейін «Атыраудың» нигериялық шабуылшысы Нсунгуси ЭФФИОНГ алаңның дәл ортасында «Шахтер» ойыншысынан допты іліп алып кетті де, жылдамдықпен қақпашымен жеке қалып, допты дәл оң жақ бұрышқа салды - есеп 1:1.
Екінші таймда «мұнайшылар» шабуылды көбейтіп, мүмкіндіктер туғызып, нәтижелі болды: 64-минутта сол қапталдан әуелете берілген допты шабуылшы Оралхан ӨМІРТАЕВ баспен дәл соғып, есепті 2:1-ге жеткізді.
Осыдан кейін алаңда қызық көріністер болды, бірақ алаң иелері жеңіске жеткізген ұпайды сақтап қалды.
Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында «Атыраудың» бас бапкері Виталий ЖУКОВСКИЙ бүгін өздерінде өте ұйымдасқан және физикалық тұрғыдан мықты қарсылас болғанын атап өтті.
- Бірінші таймды өте жақсы ойнадық, көптеген мүмкіндіктер жасалды, бірақ доп қақпаға кірмеді. Содан кейін Чогадзе бізге гол соқты, қалай! Бәлкім, бұл тур голы болған шығар, ал бұл жағдайда қақпашыға шағым жоқ. Футболшыларымыз жігерлілік танытып, есепті теңестіріп қана қоймай, жеңіске жетті, – деді В.Жуковский.
Осы турдан кейін 14 ұпаймен «Атырау» турнирлік кестеде 6-шы орынға жайғасты.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ