Соңғы күндері көктемгі су тасқынына байланысты Жайықтағы су деңгейі айтарлықтай көтерілді. «Қазгидромет» РМК филиалының жетекші инженер-гидрологы Ақмарал МИЗАМҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, су деңгейі шарықтау шегіне жақындап, күн сайын тәулігіне 1-2 см-ге көтеріліп келеді.
– Атыраудағы Жайық гидробекетінде су деңгейінің көтерілуі 23 наурызда басталды, су көтеріліп жатыр. Жайықтың гидрологиялық ахуалы тұрақты. Өзендегі су тасқыны басталғалы жалпы су деңгейінің көтерілуі 263 см құрады. Су деңгейі шарықтау шегіне жақындап қалды, өйткені жоғарыдағы, Батыс Қазақстан облысындағы гидробекеттерде су тасқынының шарықтау шегінен өтіп, деңгейі тұрақты түрде төмендеп келеді. Бірнеше күн ішінде Атырау филиалының гидробекеттерінде максималды су деңгейі күтілуде.
Атырау қаласындағы Жайық өзенінің гидробекетінде су деңгейі нормаға жақындады. Су деңгейінің максималды нормасы – 455 см, – дейді А.Мизамғалиева.
Оның айтуынша, биыл өзеннің суы былтырғыдан жоғары. Салыстыру үшін: 2022 жылы максималды деңгей 375 см болса, 12 мамырда 435 см болды.
Өзен тереңдігіне келер болсақ, атап айтқанда, Атырау гидробекетінде (Әлиев көпірінің маңында) қазіргі уақытта су тасқыны кезінде 11-12 метр (өзен ортасында) байқалады.
Атырау облысы бойынша Жайық өзенінде бес гидробекет бар: Атырау қаласында, қала маңындағы Жаңаталап, Еркінқала ауылдарында, Индер және Махамбет аудандарында.
Айнұр САПАРОВА
Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор