Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының «Мен кәсіпкер» ұлттық жобасы шеңберіндегі биыл 100-ге жуық іскер әйел өз кәсібін жандандыру үшін тегін білім алады. Бұл туралы Палата директоры Нұрлан СҮЙІНБАЕВ баспасөз брифингінде мәлім етті.
Өткен жылы өңірде Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды. Бүгінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы - қаржылық емес қолдауға арналған алаң. Онда олар стартаптарды ынталандыру, жұмыс істеп тұрған бизнестің экономикалық белсенділігін арттыру, сондай-ақ оқыту бағдарламасы мен іс-шараларға қатысу үшін бірқатар қызметтер алады.
– 2022 жылы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында 505 әйел тіркеліп, 1 800-ден аса кеңес алды. Астана, Ақтөбе, Алматы қалаларында онлайн тәртіппен 325 әйел республикалық, жергілікті деңгейде оқытылып, оларға арнайы сертификат берілді. Кәсіби оқыту бойынша «Ғасыр» оқу орталығымен шарт жасасып, арнайы мамандықтарға оқытылды. Ауыл әйелдері кәсіпкерлігін дамыту барысында Атырау қаласы, Махамбет, Исатай, Индер, Жылыой, Мақат, Қызылқоға аудандарының кәсіпкер әйелдерімен кездесіп, орталық туралы жан-жақты айтылып, кеңестер берілді. Осы аудандардан республикалық оқыту бойынша Ақтөбе, Астана қалаларында өткен Әлеуметтік, кооперациялық кәсіпкерліктер бойынша арнайы семинар тренингтерге қатысты, - деді Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының кеңесшісі Гүлнафис ЖАРМҰХАНБЕТОВА.
Сондай-ақ, «Мен кәсіпкер» ұлттық жобасы шеңберінде «Кәсіпке бағыт» салалық оқытуы бойынша 100 адамға кәсібін әрі қарай дамыту мақсатында білім алуға болатыны туралы айтты.
40 сағаттық оқудан кейін кәсіпкерлер арнайы тест тапсырып, сертификатқа ие болады.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер