Астанада өткен парадзюдодан Азия чемпионатында ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте жеңімпаз атанды.
Бір қуантарлығы, жарыстың екінші күні 57 келіге дейінгі салмақта топ жарған жерлесіміз Альфия ТІЛЕКҚАБЫЛ команда қоржынына үшінші алтын алқаНЫ салды.
16 жастағы Альфия спортшылардың ең жасы, ол J1 категориясында (толық зағип) өнер көрсетті.
Біз Азия чемпионына бірнеше сауал қойған едік.
– Альфия, өзіңіз туралы айтып өтсеңіз, спортқа қалай келдіңіз?
– Мен 11-сыныпта оқимын, спорттық жаттығуларым қала іргесіндегі Тасқала ауылындағы №3 спорт мектебінде өтеді, жалпы спортты бала күнімнен жақсы көремін. Бұрын шахматпен көп уақыт айналыстым, кейін жүзумен шұғылдандым, түрлі жарысқа қатыстым, тіпті «Жүзуден 2021-2022 жылғы Қазақстан чемпионы» атағын алдым.
Парадзюдомен айналысып жатқаныма он бір ай болды. Командамен Бакуде өткен әлем чемпионатына, 2022 жылы желтоқсанда Ақтөбеде өткен Қазақстан кубогына қатыстым, сондай-ақ 2023 жылы ақпанда Қазақстан кубогына қатысып, чемпион болдым.
- Неліктен дзюдоны таңдадыңыз, бұл ауыр спорт түрі ғой?
– Иә, расында да жарақат алатын кездер болады. Чемпионат басталар алдында, бір апта қалғанда саусағымды сындырып алып, гипспен жүрдім. Бір-екі күн бұрын алып тастаған соң, жарысқа қатыстым. Қазіргі ісім маған қатты ұнайды. Спортзалда жұмыс істей отырып, өзімді сенімді сезінемін, күн сайын бәрі мүмкін екеніне көз жеткізіп келемін, бастысы – ерінбеу керек.
– Қандай спорттық биіктерге қол жеткізгіңіз келеді? Чемпионаттан соң қандай жоспарыңыз бар?
– Бүгінгі күні мақсатым – 2024 жылы Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына қатысу, бірақ ол үшін белгілі бір ұпай жинауым керек, қазір 147 ұпайым бар.
Маған сеніп, үнемі қолдау көрсетіп жүрген бас жеке жаттықтырушы Жандос ҚИЯНОВҚА, бірінші жаттықтырушы Мейрамбек ЕСМАҒАНБЕТОВКЕ алғысымды білдіремін.
Жанаргүл НЫҒМЕТОВА, кейіпкеріміздің анасы:
– Альфия – үш ұлдан кейінгі кенжем. Басынан бастап үнемі онымен барлық жерде бірге жүремін. Ол айтып өткендей, спорт өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды – алдымен шахматқа қатысты, кейін жүзуге барғанда Альфияны Нұрлан ЖҰМАҒАЗИЕВ жаттықтырды. Енді міне, дзюдомен айналысып жүр. Оның жеңіске деген сенімінің қаншалықты күшті екенін, соған ұмтылысын күн сайын көремін, қызымның тағдырына атсалысқан жандарға алғысым шексіз. Оларға аналық ризашылығымды білдіремін!
Елена СҮНДЕТОВА
Жанаргүл Нығметова жолдаған суреттер
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ. Азия чемпионатына Азияның 11 елінен (Тайбэй, Үндістан, Иран, Жапония, Қырғызстан, Моңғолия, Корея Республикасы, Таиланд, Индонезия, Өзбекстан және Қазақстан) 100-ге жуық үздік дзюдошы жиналды. Қазақстан құрамасы төрт алтын, төрт күміс және алты қола алқа иеленді.