Атырау, 28 қараша 02:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«Авангардтағы атқыш» өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Сурет Бейнежазба
1 861 просмотра

Бүгін, 10 мамырда Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Авангард атқышына» қатысты үкім шықты. ҚР ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 1 және 6-тармақтарына («Басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен екі немесе одан көп адамды өлтіру») және 287-бабының 3-бөлігіне («Заңсыз атыс қаруын сақтау») сәйкес, ол өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын алды.

Судья Зарема ХАМИДУЛЛИНА мұның жоспарланған аса ауыр қылмыс екенін, сонымен қатар сотталушының үздіксіз оқ атқанын және атыс қаруын қолдануды білетінін атап өтті. Сондықтан ол ең ауыр жазаны тағайындады.

Сонымен қатар, сот зардап шеккен әрбір отбасына 10 миллион теңгеден моральдық шығын, сондай-ақ басқа мөлшердегі мүліктік шығынды төлеуге міндеттеді.

Сотталушы Бауыржан ҚАРАНЫ сот залына он шақты қарауыл әкелді. Бірақ ол үкімді селт етпей тыңдады. Ол да залдағы басқа қатысушылар сияқты үнсіз тұрды. Бірақ отырыс басында анасы екеуі суретке түсірмеуді, аты-жөнін жарияламауды өтінгенде, біреу: «Біздің жігіттерді әлеуметтік желіде көрсетті ғой, ал ол қарсы екен. Аты-жөні көрсетілсін!» деді.

Сот ісі сот сараптамасының қорытындысын күтуге байланысты жылға жуық уақытқа созылды. Сонымен қатар, үкім шығарылғанға дейін судья кеңесу бөлмесінде ұзақ уақыт болды.

Процесс барысында сотталушының психикалық жағдайына екі рет сот-медициналық сараптама жүргізілді. Олардың нәтижесі бойынша оның қылмыс жасаған кезде аффект күйінде болғаны туралы мәлімдемесі расталмады.

Еске салсақ, былтыр 15 наурызда «Авангард» ықшамауданының соңғы аялдамасында Б.Қара екі тапаншадан үш адамды атып, төртіншісін басынан ауыр жарақаттаған болатын.

Басынан ауыр жарақат алғандықтан, аман қалған жігіттің есте сақтау қабілеті нашар болып, жәбірленуші ретінде оның мүддесін әкесі қорғады. Қазір ол сөйлей алмайды, адамның көмегімен қозғалады, емін алып жатыр.

Сотталушы өз сөзінде болған оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтып берді.

Айтуынша, 2014 жылы үйленген, осы бірінші некеден екі қызы бар. Атырау қаласындағы Назарбаев мектебінің асханасында жұмыс істеп жүріп, асханаға жұмысқа орналасқан А. атты қызбен танысып, көп ұзамай екеуі жақын араласа бастаған. Ол күйеуінен кетіп қалып, үш баласымен бөлек тұрып жатқан. Қара мен А. 2022 жылдың наурыз айында бірге тұра бастайды. Әйел 2007 жылдан бері некеде тұрған күйеуімен ажырасқалы жатқан.

15 наурыздағы оқиға Б.Қараның баяндауынша былайша болған:

- Түскі уақытта учаскелік полицей телефон соғып, А-ның күйеуінен арыз түскенін айтты. А. екеуміз тірек пунктіне келдік, ол жерде күйеуі мен інісі келіп тұр екен, балалары да қасында. Кейінірек тағы екі туысы келді. Олар маған үлкен баласы мені ұрады деп шағымданғанын айтты. Мен оларға ұрмайтынымды түсіндірдім, бірақ олар маған сенбеді.

Одан әрі, оның айтуынша, А.-ның күйеуі мен оның туыстары қорқыта бастаған, ал Қуаныш (күйеуінің інісі) «кешке тағы кездесеміз» деп, телефон нөмірін жазып алған.

Қара А.-ың күйеуі мен туыстары тарапынан қоқан-лоққылар бұрын болғанын, сондықтан «қауіпсіздік мақсатында» былтыр желтоқсан айында екі тапанша сатып алғанын және ол оларды травматикалық тапанша деп ойлағанын, олардың атыс қаруы қылып жасалғанын білмегенін айтты. Оларды үнемі өзімен бірге алып жүрген.

Оның нұсқасы бойынша үш кісіні өлтіру былайша көрініс табады: Авангардтағы соңғы аялдамада А.-ның күйеуінің туыстары мен оған бейтаныс адамдар қорқытып, тіл тигізген соң көзі қарауытып кеткен, әрі қарай не болғаны есінде жоқ екен.

– Бір ғана сәт есімде – Қуаныштың соңынан жүгіріп бара жатыр екенмін. Кәріз құбырларының жанында есімді жидым да вокзалға бардым, сол жерден Ақтауға такси жалдадым, – дейді Б.Қара.

Сотта әйелдің үлкен ұлдары Б.Қараның қысым көрсетіп, қолын көтеретінін айтты. Ал Б.Қараның өзі сотта оларға ешқандай сұрақ қоймады және өзінің пайдасына дәлел келтірмеді.

Судья Б.Қараның әскери қаруды «қауіпсіздік мақсатында» алғаны туралы нұсқасы дәлелсіз екенін айтты. Ол бірге тұратын әйелдің үш ұлының әкесі өз отбасының қайда екенін білуге және балаларымен сөйлесуге құқылы екенін атап өтті. Сондықтан бұл оның тарапынан қауіп ретінде бағаланбайды.

«АЖ»-ның сауалына Б.Қараның анасы сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Ал жәбірленуші тарап үкімді әділ деп тапты.

Айнұр САПАРОВА

Автор түсірген суреттер мен бейнежазба

10 мамыр 2023, 14:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.