Украина президенті Владимир Зеленский 8 мамырды Жеңіс күні ретінде ауыстыру туралы заң жобасын жоғарғы радаға енгізді. Ал 9 мамыр Еуропа күні болмақ. Парламентте заң жобасын тезірек қабылдауға дайын екендерін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.
8 мамырда Зеленский Екінші Дүниежүзілік соғыстағы жеңіске орай сөз сөйлеп, "фашизмнің қайта оралғанын" мәлімдеді. Оның сөзінше, "Ресей де жерді иемденіп, қырып-жойғысы келеді". Дегенмен Украина президенті бұған жол бермейтінін айтады.
"Біз өз елімізге идеологиялық әсерсіз, әділ тарихты қайтарамыз. Дәл 8 мамырда халықтың басым бөлігі жеңісті еске алады. Бүгін мен 9 мамырды нацизмді жеңген және рашизмді жеңетін барлық еуропалықтардың бірлігі күнін атап өту туралы қаулыға қол қойдым", – деді Зеленский.
Бүгінгі таңда Батыс елдері Жеңіс күнін 8 мамырда атап өтеді. Себебі Германияның капитуляциясы туралы құжат 1945 жылдың 8 мамырында, сағат 23:01-де күшіне енген. Ал бұл кезде уақыт айырмашылығына байланысты Мәскеуде 9 мамыр болған еді.
Жеңіс күнін 9 мамырда ТМД елдерінен бөлек Израиль мен Сербия да атап өтеді.
Жоғарғы рада заң жобасын тезірек қабылдауға әзір екенін жеткізді.
"Жоғарғы радада біз президент енгізген заң жобасын қабылдап, заңдық негізде тарихи сәтті бекітуге дайынбыз", – деді басқарушы "Слуга народа" партиясы парламенттік фракциясының басшысы Давид Арахамия.
ВВС-дің Украинадағы тілшісі Святослав Хоменконың сөзінше, биыл Украина алғаш рет өзге батыс елдерімен бірге Еуропа күнін 9 мамырда атап өтпек. Дәл осы күні 1950 жылы Франция сыртқы істер министрі Робер Шуман Еуроодақтың құрылуына жол салған декларациясы қабылданыпты.
Қазір Украина халқының 90%-ы мемлекеттің Еуроодаққа қосылуын қолдайды екен. Ал Жеңіс күнін 8 мамырға ауыстыру "Украина таңдаған жолдың бір бөлігі", деді Святослав Хоменко.