Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылындағы балабақша салыстырмалы түрде жақында - 7 жыл бұрын пайдалануға берілгенімен, алты айдан бері өз жұмысын тоқтатты.
Екі қабатты 160 орындық "Балдәурен" балабақшасы 605 млн теңгеге "Тенгизшевроил" ЖШС-нің "Игілік" бағдарламасымен салынған. Алайда жыл өткеннен кейін ғимарат қабырғасында жарықтар пайда болды. Кепілдік мерзімі біткенше құрылысты жүргізген "АтырауРемСтройМонтаж" ЖШС бірнеше мәрте жөндеу жүргізді. Алайда балабақша қызметкерлерінің айтуынша, жыл сайынғы жөндеу еш нәтиже бермеген, керісінше, жарықтар ұлғайып кеткен. Мамандар мен арнайы құрылған комиссияның шешімімен адамдарға қауіп төндіруіне байланысты балабақша 2022 жылдың 19 қазанында өз жұмысын толық тоқтатты.
- Балабақша жайы не болады? Балалар балабақшасыз, ал біз жұмыссыз қалдық, - дейді қызметкерлер алаңдап.
Біз аудандық әкімдікке хабарластық.
- Балабақша апатты жағдайда деп танылды. Ал қызметкерлерге заңды түрде еңбекақысының 50 пайызы төленіп отыр. Балалардың кейбірі аудан орталығына қатынайды, олардың Құлсары қаласындағы балабақшаға орналасуына толық мүмкіндік жасалып отыр, - дейді аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис АЙШУАҚОВА.
- Сонда ол балабақша бұзыла ма?
- Мүмкін бір қабатын пайдалануға болатын шығар. Бұл облыстық деңгейде шешіледі.
Өз кезегінде облыстық құрылыс басқармасының бастығы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ бүгінде балабақшаға техникалық тексерулер жүріп жатқанын, сол себептен ол ғимарат бұзыла ма, әлде жаңа балабақша салына ма, содан кейін белгілі болатынын жеткізді.
Құлсары қаласында әрқайсысы 290 орындық "Әсем-2", "Өркен-2" екі балабақша ғимаратында қабырғалар жарылып, кейін жөндеуге тұрған болатын. Алайда оларды 5 жыл бұрын пайдалануға берді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор