Ташкентте панкратионнан әлем чемпионаты өтті.
Мұнда атыраулық Қайырғали Әділбек алтын алқа жеңіп алды - бұл оның екінші рет әлем чемпионы болуы. Ал Айкөрік Қуандықова Еlite (толық контакт) бөлімінде күміс жүлдегер атанды
* * * * *
Талдықорғанда 2007 жылғы және одан кіші жастағы ұлдар мен қыздар арасында жүзуден ел чемпионаты өтті.
Атыраулық спортшы Дарья Чеснокова 50 және 100 метр қашықтықта жеңіске жетті.
* * * * *
Павлодарда самбодан 2005-06 жылғы жастар арасында ҚР чемпионаты өтті. Турнирге еліміздің барлық өңірінен 467 спортшы қатысты.
Атыраулық үш спортшы – Шынар Бітімбай, Нариман Мұқан және Гүлхан Шыңғысхан – өз салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Олар тиісінше Астана мен Бішкекте өтетін Еуропа және әлем чемпионаттарында ел намысын қорғау құқығына ие болды.
* * * * *
16 жастағы атыраулық парадзюдошы Альфия Тілекқабыл Астанада өткен Азия чемпионатында екі алтын алқа жеңіп алды.
Альфия 57 келіге дейінгі салмақта J1 санатында толықтай зағип дзюдошылар арасында сынға түсіп, Дилорам Диханова (Қазақстан) мен Хосиотхан Позилжонованы (Өзбекстан) жеңді. Қазақстан құрамасы сапында командалық есепте ол екінші алтынды жеңіп алды.
* * * * *
Атырау құрамасы Еревандағы кикбоксингтен халықаралық турнирде сәтті өнер көрсетті.
Команда барлығы 6 алқа – екі алтын (Роман Зубарев пен Жандос Назарбеков) және 4 күміс (Дастан Амантурлин, Әсет Темірбаев, Айболат Базаров және Исламсанжар Төлеуғали) алқа иеленді.
* * * * *
Токиода киокушинкан каратэден All Japan tournament халықаралық турнирі өтті. Турнирге 20 елден 500-ге жуық спортшы қатысты.
Атыраулық «Намыс» спорт клубының шәкірттері мұнда 3 күміс (Андрей Котов, Глеб Повстянко және Кәрімжан Игенов) және 3 қола (Арман Әміров, Тимур Берік және Нұржан Елемес) алқа жеңіп алды.
Спортшыларды жаттықтырушылар Таңат Нұрымов, Андрей Котов, Ақылбек Садырбеков және Мұрат Жолдасов жаттықтырды.
* * * * *
Павлодарда белдесіп күрессден ел чемпионаты өтті.
75 келіге дейінгі салмақта атыраулық балуан Саян Қайырғалиев финалға шығып, есе жіберіп алып, күміс жүлдеге қол жеткізді. Ренат Лұқпанов, Ибрагим Сәрсенғалиев және Аманбек Аруовтың еншісіне қола алқа бұйырды.
* * * * *
Өскеменде бокстан 2009-10 жылы туған жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтті. Оған Қазақстанның барлық облыстарынан 300-ге жуық жас былғары қолғап шеберлері қатысты.
Бас бапкер Айбек Нсанбаев бастаған атыраулықтар турнирден 2 қола алқа әкелді (61 келіге дейінгі салмақта Мирас Амантай және 67 келіге дейінгі салмақта Бақдәулет Тәжі).
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ