ҚР мәдениет және спорт министрі Асхат ОРАЛОВ Атырау облысына іс сапармен келіп, Нұрлан Балғымбаев атындағы орталықта облыс тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында министр алдағы жылдары Атырау облысында және республика көлемінде атқарылатын жоспарларымен бөлісіп, тұрғындардың сауалына жауап берді.
- Министрлер орындықта отырмай, шалғайдағы халықтың мәселесімен танысып, оны жоғарыда талқылауы тиіс. Президенттің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұстанымы осындай. Атырау облысындағы мәдениет, спорт және туризм саласына қатысты мәселелерді тыңдап, талқылау үшін бүгін сіздермен ашық форматта кездесуге келдім, - деді А. Оралов.
Мәдениет министрлігінің қолдауымен биыл республика көлемінде атап өтілетін үлкен шараның бірі Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы. Атаулы датаға орай биыл республика бойынша 600 іс-шара ұйымдастырылмақ.
- Бейбарыстың 800 жылдығына орай маусым айында Қазақстанның Мысырдағы мәдени күндері өтеді. Атырау облысы - Бейбарыс Сұлтанның туған жері. Сондықтан мәдени күндердің жалғасы ретінде тамыз айында Атырау облысы делегациясының Мысыр еліне сапары ұйымдастырылады. Оған мәдениет қайраткерлерімен қатар атыраулық әлем чемпиондары да қатысады. Бейбарыстың ұрпақтары қандай екенін көрсетуіміз керек, - деді Оралов.
Министрдің айтуынша, мәдениет, спорт, туризм саласын дамыту бойынша 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама дайындалған. Тұжырымдамаға сәйкес, мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын жыл сайын 20 пайызға арттыру қарастырылған.
- Одан бөлек, елімізде соңғы 25 жылдан бері берілмей келген Қазақстан Республикасының «Халық әртісі» атағы кері қайтарылды. «Мәдениет қайраткері» деген атақты мәдениет саласында ұзақ жыл еңбек еткендер алуы мүмкін, ал «Халық әртісі» атағы тек әнші, әртіс секілді өнердің нағыз майталмандарына беріледі. Оған қоса «Халық әртісіне» базалық еңбекақының 100 пайыз мөлшерінде ай сайын еңбекақы төленеді. Алайда марапат құнды болу үшін, бірден 50-100 адамға емес, жылына 3-5 адамға беріледі, - деді министр.
Министр бүгінде кітапханаларға жастар бармайтынын алға тартып, кітапханаларды заманауи коворкинг орталығына айналдыру керек екенін айтады.
- Кітапханаларды жастар баратын заманауи орталыққа айналдыру үшін қаржы қажет. Бүгінде қарат қарастырылып жатыр. Сонымен қатар елімізде 12 мыңға жуық кітапхана, архив қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріледі.
А.Ораловтың айтуынша, алдағы 2 жылда музыкалық мектептердің аспаптарын толық жаңарту жоспарланып отыр:
- Елімізде 10 жылдан бері аспартары жаңармаған музыкалық мектептер бар. Биыл музыкалық мектептерге 1 миллиард теңгеге музыкалық аспаптар сатып алынып, балалар заманауи аспапта ойнауға қол жеткізеді. Сонымен қатар, алдағы екі жылда өнерпаздардың ұлттық киімі жаңарады. Көпшіліктің алдында биші қыздар әдемі билеп жүреді, бірақ үстіндегі киімі ескірген. Бұл ұят.
Министр отандық кино саласының дамуына әрқашан қолдау біліретінін жеткізді. Оның ішінде жас дарынды балалардың кино түсіруіне қолдау көрсетіледі.
- Былтыр мәдениет министрлігінің қолдауымен түсірілген «Дос-Мұқасан» фильмі прокатта жұмсалған қаржыны толығымен ақтап, түскен ақшасы мемлекетке қайтарылды. Күні кеше қазақстандық «Бесік жыры» анимациялық фильмі Испанияда өткен беделді кинофестивальде 1500 фильмьнің арасынан «Ең үздік қысқаметражды анимациялық фильм» жүлдесін жеңіп алды. Бұл біздің отандық кино саласы мамандарының мүмкіндігі мол екенін көрсетеді, - деді А. Оралов.
Мәдениет министрінің тағы басқа жаңалықтары.
СПОРТ
Биыл Атырау облысында 14 мыңнан аса оқушы тегін спорттық секцияларға қатысады. Сонымен қатар, футбол, хоккей командасына ұлттық құрамаға өзіміздің спортшылардың кіруіне қолдау көрсетіледі. Себебі өзіміздің спортшыларымыз ар-намысы бар, ең бастысы жаны ашиды.
- Мәселен, футболдан Қазақстан мен Дания ойнағанда ұлттық құрамада 80 пайыз қазақстандық балалар ойнап, жеңіске жетіп, сенімді ақтады. Екі апта бұрын Астанада грек-рим күресінен Азия чемпионаты өтті. Оған да тәуекел етіп, өзіміздің балаларды шығардық, нәтижесінде, қазақстандықтар 20 медальға ие болып, тарихта алғаш рет жалпыкомандалық есеп бойынша 1-орынға шықты.
- Азия біріншілігіне Жәмила мен Мәдина есімді екі егіз қыз қатысты. Бірі екі дүркін, бірі үш дүркін Азия чемпионы екен. Әкелеріне қоңырау шалып, осындай спортшыларды тәрбиелегені үшін алғысымды білдірдім. Оларды енді Олимпиадаға жібереміз, - деді министр. Оның айтуынша, алдағы екі жылда республика бойынша 113 спорттық нысан салынады, соның 22-сі Атырау облысында бой көтермек.
ТУРИЗМ
Министр Атырау жеріне Сарайшықта салынған сапар орталығының ашылу салтанатына қатысуға келгенін де айтып өтті:
- Қазақстанның барлық өңірінде тарихи жеріміз бар. Проблемалар да жеткілікті. Мысалы, Махамбет кесенесіне баратын жол жоқ. Мен бүгін бұл жолды да көзбен көремін, содан соң әкіммен кездесіп, осы жолды салу мәселесін шешеміз.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор