Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық балалар ауруханасының ұйымдастыруымен өңірге «University Medical Center» корпоративтік қорынан кардиолог, нефролог, невропатолог, онкогематолог мамандары келіп, диспансерлік есептегі балаларды және денсаулығында кінәраты бар жандарды қабылдауда.
Мамандар №7 қалалық емхана базасында жұмыс істеп жатыр. Пациенттерді 4 мамыр сағат 9:00-13:00 және 14:30-17:00 аралығында тегін қабылдайды. Емделушілер аяқтай келіп, кезек арқылы қаралады.
- Бүгін UMC-тен келген дәрігерлер облыстық балалар ауруханасында жатқан және арнайы №7 қалалық емханаға келген балаларға кеңес беруді бастады. Түске дейін арнайы кабинеттерде невропатолог және онкогематолог мамандары қабылдау жүргізуде. Ал түстен кейін кардиолог, нефролог мамандары балаларды қабылдайды. Облыста балалардың денсаулығын жақсартуға бағытталған мұндай іс-шара жыл сайын ұйымдастырылады,- деді №7 қалалық емхананың бас дәрігері Гүлнафис ТАНБАЕВА.
Айта кетейік, «University Medical Center» Ұлттық медициналық холдингті трансформациялау арқылы құрылған корпоративтік қор. Бүгінде оның құрамына үш инновациялық клиника - Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Республикалық диагностикалық орталық және Балалардың оңалту ұлттық орталығы кіреді.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
ӨКҚ жолдаған сурет