Биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы 210 мың гектар жер учаскесін мемлекетке қайтару жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Ауылшарушалығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлзия ҚҰРМАНОВА мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Биылға дейін жер учаскесін нысаналы мақсатқа сай игермегендерге 21 нұсқама берілген. Бұдан басқа, ҚР Жер кодексінің талаптарын сақтамаған және ҚР заңнамасын бұза отырып пайдаланатын жер учаскелеріне департаментпен 18 нұсқама табысталған.
- ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, біздің департаментке 200 мың гектар игерілмеген жер учаскесін қайтару тапсырмасы берілген болатын. Былтыр барлығы 185 жер учаскесі қайтарылды. Олардың жалпы көлемі – 206209,90 гектарды құрайды, оның ішінде 15416 га жер учаскесі егістік үшін, 190693,90 га жайылымдық үшін және 100 га басқа мақсаттағы жер учаскелері. Ал, осы жылға облыс бойынша 210 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін мемлекетке қайтару жоспарланып отыр, - деді Г.Құрманова.
Оның айтуынша, бүгінде барлығы 56 жер учаскесі қайтарылған. Олардың жалпы көлемі – 17296,20 гектарды құрайды. Оның ішінде 40 га жер учаскесі егістік үшін, 16864,95 га жайылымдық үшін және 391,25 га басқа мақсаттағы жер учаскелері.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған сурет