Атырау, 28 қараша 03:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Жас елтайлықтар: «Бізге келіп-кететін әкім керек емес, ол осында тұруы тиіс»

Сурет Бейнежазба
2 021 просмотра

Индер ауданында биыл Көктоғай, Елтай, Бөдене, Есбол ауылдық округтері әкімдерінің орны босады. Бірі басқа жұмысқа ауысса, енді екіншісінің өкілеттігі аяқталған. Ал Елтай ауылына келсек, жергілікті мәдениет үйіне халық арнайы жиналып, алдағы сайлау мен бүгінде ұсынылған екі үміткерді (кейіннен үшіншісі пайда болды – Л.Қ.) талқылады.

Бұрын ауыл әкімін аудандық мәслихат депутаттары ұсынатын. Бұл жолғы әкім тағайындалуы басқаша, халық өзі жасырын дауыс беру арқылы сайлап, таңдауын жасауға құқылы.  

Жиынға Индер ауданының әкімі Дарын ШАМҰРАТОВ шақырылды. Сайлау мен үміткерлерге қатысты жиналған жастар мен ауыл үлкендерінің пікірі екіге жарылды.

- Кез-келген адам әкім бола алмайды, жан-жақты, білімді, ауылдың әл-ауқатын жақсартуға атсалысатын жан болуы керек.  Сендер, жастар ананы, мынаны қоямыз деп отырсыңдар. Ол адам әкім болуға лайықты ма, ауыр жүкті көтере ала ма? Соны ескердіңдер ме? - деді ауыл ақсақалы Тасқали ТЕМІРБОЛАТОВ.

- Ешқандай қарсылық жоқ орталарыңнан әкімді сайлауға. Шектеу де жоқ. Құжаты сәйкес келе ме, тапсырсын. Келмей ме, оған ренжімейсіздер. Біз осыған дейін жастардың ішінен қарап көргенбіз, округ әкімінің міндетін атқарушыға, бас маманға және мектеп директорына ұсыныс та білдірдік. Бірақ олар бас тартты, күштеп жасата алмаймыз ғой, - деді Д. Шамұратов.

Жастардың ұстанымын жергілікті тұрғын Заманбек ЖАҚСЫЛЫҚОВ жеткізді:

- Ауылдан әкімге лайықты адам табылмауы қынжылтарлық жағдай екен. Кадр неге жоқ? Әкімшіліктің бас маманы, осы ауылдың азаматы Алмат МАХМЕТОВТЫ лайық көргенбіз. Бірақ ол тәжірбиесінің аздығынан өзін лайықты көрмеді. Неге сол маманды болашақта әкім болуға дайындамасқа? Екінші бір мәселе, ауылға әкім болып келген адам осы ауылда тұруы тиіс, қызметтік үй бөлінген оларға. Бізге таңертең келіп, кешке кетіп қалатын әкім керек емес. Бізбен бірге жүріп, қоян-қолтық жұмыс жасап, осы ауылдың мұң-мұқтажы мен болашағына бас қатыратын азамат болса дейміз. Үшінші мәселе, ауылдағы ардагерлер алқасы төрағасын өзгерту керек, ол кісі үлкейді, шаршап та жүрген болар. Жастар атынан сұрайтынымыз, Жаңа Қазақстан деп жатырмыз, сол себептен жаңаша жұмыс жасайтын әкім керек.

Тағы бір жергілікті тұрғын Есенжан ЕНБАЕВ маңызды тақырыпты көтерді:

- Сайлау комиссиясындағыларды өзгертуге болмай ма? Баяғы бір адамдар, құрамын жаңартса дейміз. Менің оларға еш қарсылығым жоқ, бірақ елімізде сайлаудың қалай өтетінін, дауыстардың қалай есептелетінін жақсы білеміз. Сондықтан сайлау нәтижесіне сенуіміз үшін комиссия құрамын жаңарту қажет.

Д.Шамұратов жастар мен қарияларды бірлікке шақырды. Оның айтуынша, Елтайда ауыз су, газ және жол мәселесі жалпы шешілген, бірақ жаңа әкімке айналысатын жұмыс жетеді: жарықтандыру, балалар алаңы мен спорт кешені салынуы, ескі тозығы жеткен ғимараттар жөнделуі керек және т.б.

Сайлау 21 мамырда өтуі тиіс.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен видеоны түсірген автор

2 мамыр 2023, 10:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.