Атырау, 28 қараша 03:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Атырауда үздік садақшылар сайысқа түсті

Сурет
1 962 просмотра

Атырауда Х.Досмұхамедов атындағы АМУ жанындағы "Жайық" стадионында дәстүрлі садақ атудан «ALTYN ORDA» халықаралық турнирі өтті.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, ҚР Садақ ату федерациясы мен «Batu Han zhebesi» облыстық дәстүрлі садақ ату федерациясы ұйымдастырған дүбірлі додаға Малайзия, Үндістан, Біріккен Араб Әмірлігі, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Австрия, Венгрия, Ресей, Америка Құрама Штаттарынан және еліміздің әр түкпірінен 150-ге жуық мерген қатысты.

Садақшылар 30 метр, 40 метр және 70 метр қашықтыққа арналған Пута, Орта Азия, Жамбы нысана түрлері бойынша мергендер шеберліктерін сынады.

 Нагихан ТУТУШ, 34 жаста:

 - Жарысқа Түркияның Зонгулдак қаласынан келіп тұрмын. Бес жылдан бері садақ атумен тұрақты түрде айналысамын. Садақ атуға қызығушылығым басталған жылдары біздің қалада садақ ату үйірмелері болмады. Садаққа қызығушылығыммен көрші қалаларға барып үйрендім, кейін Зонгулдак қаласынан өзімнің садақ атуды үйрететін клубымды аштым. Қызығушылар өте көп. Біз бұл турнирге Түркия мемлекетінен 15 мерген болып келіп тұрмыз.

Турнир аясында қала тұрғындарына садақтар жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Онда садақ 300 доллар, жебенің данасы 6доллар, қорамсақ 40 доллардан сатылды.

 Мадина БИСЕМБИЕВА, Атырау қаласынан. 19 жаста.

- Садақ атумен тұрақты айналысып жүргеніме 3 жылдай болды. Бұл спорт түріне инстаграм желісінен астанадағы садақ ату федерациясы басшысының садақ атуды үйретіп жатқан видеоларын көріп, қызығып бастадым. Содан соң әкеме Астанаға барғанда арнайы дүкеннен садақ алып келуін өтініп, садақ алып келген болатын. Садақ атып бастаған жылдары Атырауда «Бату хан» федерациясы ашылған жоқ. Аулада, далада атып үйрендім.

Мадина садақ үйреніп бастаған үш жыл ішінде Астана, Қостанай, Жаңаөзен қаласында жасөспірімдер арасында өткен турнирлерде 1-орынға ие болған. Атыраудағы турнирде 60 метрден ату бойынша үздік 16-ның қатарына кіріп, 40 метр бойынша финалға дейін жетті.

- Өкінішке орай біздің федерацияның өзінде де үлкен жарыстарға жаттығуға мүмкіндік жоқ. Ол жерде залдың кішілігіне байланысты нысананы 13 метрден атамыз, яғни енді үйреніп жүрген балаларға арналған. Ал біз үлкен жарыстарға қатысу үшін 50-70 метр қашықтықтан нысанаға атып дайындалуымыз керек, - дейді Мадина.

Жарыстың жабылу салтанатында Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ пен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек ЕСЕНТАЕВ жеңімпаздарды марапаттады.

- «Тарихи дәстүрдің жандануына бірден-бір септігін тигізіп жатқан садақ атудан «Алтын Орда» халықаралық турнирінің біздің өңірде өтіп жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Ұлттық дәстүріміздің жандануына арналған ауқымды шаралар әлі де өз жалғасын табады, - деді  Ж.Бисембиев. 

- Мемлекет басшысы ұлттық спортымызды Олимпиадалық спорт түрлерімен деңгейлес етіп көтеру керек деп тапсырма берген болатын. Бүгінгі таңда біз осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Осынау жарысқа алыс-жақын шетелдерден көптеген спортшылар келді. Бұл турнирдің қаншалықты жоғары деңгейде өткендігінің көрсеткіші деп санаймын, - деді Т. Есентаев.

 

Турнир қорытындысында Пута нысана түрінен (70 метр) ерлер арасынан 1-орын Ынтымақ Мұрәділұлы (Қырғызстан), 2-орын Бексұлтан Марат (Қазақстан, Атырау), 3-орын Бақыт Тоқтоматов (Қырғызстан) еншілесе, әйелдер арасынан (60 метр) 1-орын Динара Жақсылықова (Қазақстан, Астана), 2-орын Ямбиидончир Баярцецег (Моңғолия), 3-орын Алия Ишмуратова (Ресей) алды.

Орталық Азия нысана түрінен (40 метр) ерлер арасынан 1-орынды Аккайя Хаяти (Түркия), 2-орынды Бақыт Тоқтоматов (Қырғызстан), 3-орынды Рустам Ногойбаев (Қырғызстан), әйелдер арасынан 1-орынды Алия Ишмуратова (Ресей), 2-орынды Фариза Сабыржан (Қазақстан, Астана), 3-орынды Динара Жақсылықова (Қазақстан, Астана) иеленді.

Жамбы нысана түрінен (30 метр) ерлер арасынан 1-орын Самал Зулпыхаров (Қазақстан, Маңғыстау), 2-орын Мақсат Әбдікерімов (Қазақстан, Шымкент), 3-орын Ербол Тапенов (Қазақстан, Астана), әйелдер арасынан 1-орын Норсиани Бинти Мохд Hop (Малайзия) 2-орын Жазира Кузекбай (Қазақстан, Астана), 3-орын Царица Анжела (Қазақстан, Астана) иеленді.

Жеңімпаздар 1-рынға 1000 доллар, екінші орынға 750 доллар, үшінші орынға 500 доллар қаржылай сыйлықтарға ие болды.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор  

30 сәуір 2023, 13:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.